ЖАҢАШЫЛДЫҚ ҚАНАТ ЖАЮДА

1,3
10 қазан 2019

ЖАҢАШЫЛДЫҚ ҚАНАТ ЖАЮДА

 

Жалпы, бүгінгі таңда өңіріміздегі 24 ауылдық, 6 қалалық  пошта байланыс торабы және Бөлтірік, Еңбекші, Жиенбет ауылдарындағы пошта пункттері жергілікті халықтың игілігі жолында лайықты қызмет көрсетіп келеді.

Соңғы жылдары жаңа технологиялар күннен-күнге қарыштап дамып, еліміз цифрлық жүйеге көшуіне орай, пошта қызметі де заманауи қосымша қызметтермен толыққандығын айта кеткен жөн. Бұл туралы әр жылдары 9 қазан – Дүниежүзілік пошта күні қарсаңында жергілікті басылымда жарияланып отыратын мақалалар мазмұнында жиі айтылады.

Сол себептен, бұл жолы біз оқырман қауымды тек соңғы жылы жергілікті пошта қызметінде орын алған жаңашылдықтармен хабардар еткенді жөн көрдік. Мысалы, жуырда аудандық пошта байланыс торабына әр өңірден келген сәлемдемелерді Постамад арқылы иелеріне жеткізу жолға қойылмақ. Ол үшін әуелі сәлемдемені алушы адамның ұялы телефонына сәлемдемені жіберген фирмадан немесе басқа да орыннан оның атына сәлемдеме келгендігі туралы хабарлама түседі. Бір артықшылығы, хабарлама арқылы сенбі-жексенбіге қарамай, сәлемдемені алушы кез келген уақытта, кезексіз әрі өзіне-өзі қызмет көрсете отырып, Постамад орналасқан кез келген дүкен немесе сауда орындарынан затын ала алады. Постамадтың арнайы жәшіктері бар. Сәлемдеме сол жәшікте сақталады. Анархан Тайбағарқызының айтуынша, мұндай постамад облыс аумағындағы аудандар бойынша Шу және көршілес Қордай ауданында бар көрінеді. Біздің өңірде мұндай қызмет көрсету жабдығы бір ғана Төле би ауылындағы «Диас» дүкенінің ішінде орналасқан. Аталмыш екі ауданда жуырда ғана жолға қойылған Постамад қызметін бастапқыда Астана, Алматы, Тараз қалаларынан келген арнайы мамандар іске қосып берсе, әрі қарай жұмыс жасау жолын  жергілікті бағдарламашы мамандар реттеп отыратын болады.

Жаңашылдықтың тағы бірі – «Е-ком» карточкасының қолданысқа енгізілуі. Шамамен осыдан үш-төрт ай бұрын қолға беріле бастаған бұл карточкамен де «Каспий голд» карточкасы сынды түрлі төлемдерді жүзеге асыруға болады.Төлемдердің бір пайызы карточка иесінің өз есепшотына түсіп отырады. Ол үшін әуелі әр азамат жергілікті поштаға келіп, өз атынан өтініш жазады, мұнан кейін үш-төрт күн ішінде карточкасын қолына алады.

Тағы бір айта кететін жәйт, «Еуразия», «Альфа банк», «Хоум кредит», «АТФ» және «Азия» банктерінен пошта арқылы несие рәсімдеуге және «Хоум кредит», «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банктерінен депозит ашуға болады. Сондай-ақ, Алға, Көктөбе, Қонаев, Белбасар ауылдарының өзінде пошта қызметкерлері арқылы несие рәсімдеу бүгінгі таңда жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, зейнетақы қоры бойынша мәліметтерді анықтау да пошта қызметіне енгізілген.

Мұның барлығы жаңашылдықты жатсынбай, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның ішінде пошта қызметінің жетілуіне қомақты үлесін қосып жүрген аудандық пошта байланыс торабы ұжымының ерен еңбегінің жарқын жемісі деуге болады. Сол себептен, пошта ұжымының қызметі келешекте де толағай табыстарға толы болсын демекпіз.

Динара

Батырхаирова.

Суретте: аудандық поштаның қызметкерлері.

Сурет автордікі.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75