Тағдыры талайларды толғандырған

_APL2092
11 мамыр 2017

Тағдыры талайларды толғандырған

Тағдыры талайларды толғандырған

Соғыс оты бұрқ ете түскенде тағдыр тегершіні мен кісәпір заманның талай қиындығын көрген халық сұмдық хабарды төбесінен жай түскендей қабылдағаны даусыз.

1941 жылдың соңғы айларында 17 жастағы өрімдей жас жігіттер Қызыл  әскер қатарына қабылданып жатты. Солардың қатарында  жерлесіміз Иосиф Абулфазович Азимов та болатын. Әскер қатарына қабылдана салысымен танк полкінде танктің механик-жүргізушісі мамандығын игеріп, сержант шенін алады да, бір жылдан кейін отқа оранған қан майданға аттанады. 2 -ші танк әскерінің 9-шы корпусындағы 65-ші полк құрамында болып, танктің қыр-сырын бес саусағындай меңгерген жауынгер, танкімен Еуропаның жарты бөлігін басып өтіп, Берлиннен бір-ақ шыққан екен.

1944 жылдың жазында Варшаваға бастайтын күре жолдағы Польшаның Радзымин қаласы үшін болған ұрыста аға сержант И.Азимовтың бұйрығымен Т-34 танкісі жаудың  екі зеңбірегін, үш пулеметін, сегіз автокөлігін және пошта ротасын түгелімен жарып жібереді. Осы ерлігі үшін ол «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. Жоғарыда айтып өткендей, сол кездері Польшаның Радзымин қаласы соғыстағы стратегиялық маңызы бар өңір болатын. Гитлерлік әскер осы маңда өте қауқарлы қақтығыстың болатынын алдын ала болжап, үлкен күшпен қорғанады. Алайда, Кеңес әскері үшін бұл маңды жаулап алу өте маңызды әрі қажет еді. Осы бір қиян-кескі ұрыста И.Азимовтың экипажы сегіз мәрте шабуылға шықса, он бір рет қарсы шабуыл ұйымдастырған. Нәтижесінде, жаудың «Пантер» танкісі мен бес T-IV танкісін, төрт нысаналы пулемет нүктелерін, минометтер батареясын, екі жаяу әскердің сауытты көліктерін, 122 миллиметрлі зениттік қондырғысын, тоғыз автокөлігін және бірнеше қарулы жасағын жойған. Осы ерліктерін жоғары бағалаған әскер басшылары Иосиф Абулфазовичтің  омырауына «Қызыл Жұлдыз» орденін тағады.

1944 жылдың қаңтар айында Игнасювка стансасының маңында жаудың техникасы тиелген жүк пойызы мен жаяу әскері шоғырлана бастайды. Қалыптасқан жағдайды бағамдаған И.Азимов жүк пойыздарына шабуыл жасауға бұйрық береді. Ақырында сегіз дана паровоз жойылады. Көп ұзамай барлық жүк пойызының қозғалысына шек қойылып, жолдан шығарылады. Варшава-Сохачев тас жолындағы қоршауда оның танкісі бір «Тигр», бір Т-34 танкісін, төрт танкіге қарсы қондырғысымен, үш оқ өтпейтін көлікті, екі мотоциклді және қырыққа жуық автокөлік бір рота сарбаз бен офицердің көзін жойды. Т-34 танкісінің зор мүмкіншілігінің арқасында Иосиф Абулфазович жау шебін екі мәрте бұзып-жарып өткен. Оған қоса олардың ұшақтарын да тас-талқан етеді. Польшадағы шайқас кезінде оның танкісі аэродром алаңында тұрған үш ұшақты, сегіз бронды көлікті, отызға жуық автокөлікті істен шығарып, алпыстан астам фашистің көзін жойған. Майдан даласында көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін жауынгер ІІ, ІІІ-дәрежелі «Данқ» орденімен, «Берлинді алғаны үшін», «Белорусияны азат еткені үшін», «Польшаны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталды.

Жүрек жұтқан жауынгер Берлинге басып кіріп, жауды талқандаған сәтін былайша еске алды:

-1945 жылы 26 сәуірде Берлинге басып кірген алғашқы танкілердің бірі менің танкім болды. Біз онда мұздай қарулы неміс күшімен қақтығысқа ұшырадық. Немістің Манштейн әскерімен болған бір ғана қақтығыста жеке өзім он бір танкті жойған екенмін. Жаумен арпалысу барысында екі рет жарақат алдым. Біріншісі оң жақ бүйрек тұсынан болса, екінші мәрте аяғымнан жараландым. Жарақатымның ауырлығына байланысты Польшадағы әскери госпитальда ұзағырақ жатуым қажет болатын. Жауды жағадан алуға деген ойым маза берсін бе? Емді толық алмай жатып, алты айға әзер шыдаған мен госпитальдан қашып шықтым. Қолымда неміс және орыс тілді картадан басқа құжат атаулысы жоқ. Сол карта арқылы біздің әскердің бет алған жағына қарай беттедім. Осылайша, өз жолдастарымды тауып, Берлинге де жеттік.

Жеңіс жалауы желбіреген жылдары Иосиф Абулфазович әскери қызметін жалғастыруды жөн көріп, 1948 жылға дейін Берлинде  жас танкистерді аса ауыр бронды техниканың қыр-сырына үйретумен айналысты. Сол жылы аман-есен елге оралған соң Ленин атындағы ұжым-шарда егіс бригадасының бригадирі қызметін атқарды. Ленин атындағы ұжымшардың партия ұйымында хатшылық қызметке сайланды. Кейін бірнеше жыл геологтарды жабдықтаудың  аудандық филиалында бөлім бастығы болды. Бірнеше жыл Шу қалалық тұтынушылар қоғамына басшылық етіп, 1978 жылы зейнет демалысына шықты. Бүгінде зайыбы Сария Азимовамен бірге он бір баланы тәрбиелеп, 20 шақты немеренің қызығын көріп отырған қадірлі қария.

Ұлы Жеңіс үшін қасық қаны қалғанша шайқасқан майдангердің талайлы тағдыры осындай. Ал, оның ерен ерлігін дәріптеу біздегі перзенттік парыз болмақ.

 

Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75