Репрессия құрбандарын еске алды

MAI_7181
31 мамыр 2018

Репрессия құрбандарын еске алды

MAI_7199

Ел тарихындағы қасіретті парақтардың бірі – өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы қазақстандық зиялы қауым өкілдерінің жалған жаламен жапа шегіп, жазықсыз жазаға ұшырауы. Бұл кезең Қазақстан тарихына қаралы кезең болып енді. Ел үшін еңсе тіктесе де, саяси қуғын-сүргіннің құрбанына айналған ата-бабаларымыздың есімдерін мәңгі есте сақтап, оны өскелең ұрпақ алдында дәріптеу үшін ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жыл  – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып белгіленгені баршаға аян. Сол уақыттан бері әр жыл сайын 31 мамыр – репрессия құрбандарын еске алу, өткенге тағзым етіп, тарихқа құрмет көрсету күні ретінде атап өтіліп келеді.

Осыған орай, бейсенбі күні аудандық орталық саябақтағы саяси қуғын-сүргіннің бейкүнә құрбандарына арналған ескерткіш алдында қалың қауымның қатысуымен митинг өтті. Әуелі аудан әкімі, аудандық мәслихат хатшысы, аудандық ардагерлер кеңесі ұйымының төрағасы бастаған аудан әкімдігінің бірнеше бөлімдері мен мекемелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері аталмыш ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Көпшілік алдында аудан әкімі Қ.Досаев сөз алып, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінің мәніне тоқталып, жалған жала жолында құрбан болғандарды еске алу және есте сақтау қасиетті парыз екенін жеткізді.

-1930 жылдары Кеңес одағының құрамында болған Қазақстанда 103 мың адам саяси-қуғын сүргінге ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілген. Олар одақ құрамында болған барлық халықтар мен ұлттардың бетке ұстар, интеллигенция өкілдері еді. Осы кезеңде қазақ халқының 40 пайызы қаза тапқан. Ал, Қазақстан аумағында орналасқан лагерьлерге өзге ұлт өкілдері жер аударылған.

Қазақстанда Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні белгіленіп қана қоймай, түрлі жобалар жүргізілуде. Тәуелсіздік жылдарында күнәсіз жазаға ұшыраған 146,5 мың отандасымыздың есімдері жазылған 14 «Аза» кітабы жарыққа шықты. 1993 жылы «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы жарияланды. Заңнамаға сәйкес 340 мыңнан астам заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталды.

Бабаларымыз көрген бейнет пен адам төзгісіз азаптар өткен уақыттың еншісіне кетті. Енді,  егемен еліміздің ертеңі нұрлы болсын. Бүгінгі берекелі тірлігіміз ұзағынан болып, әр күніміз тыныштықпен атып, татулықпен батсын,-деген Қайрат Әскербекұлы көпшілікті ата-баба аманатына берік болуға шақырды (суретте).

Мұнан кейін репрессия құрбандарын еске алуға арналған бір минөттік үнсіздік жарияланды.

Келесі кезекте сөз алған «Ахыска түркілері» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Б.Тагиров:

-Бұл жылдары Сталиндік режимнің озбыр саясаты ешбір себебін түсіндірместен, мыңдаған адамды туған жерінен алыстатып, ату жазасына тартқанын баршамыз білеміз. Өткен өмірге көз жүгірте отырып, біз яғни, жер аударылып келген түрлі ұлт өкілдері қиын тұстағы қазақ халқының рөлін түсіне білуіміз қажет. Бүгінде біз бір шаңырақ астындағы бір мақсат, бір мүддені көздеген бір халықпыз. Біздің міндетіміз – ортақ Отанымызды қорғау,-деп атап өтті.

Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы орта мектеп оқушысы К.Алиева еркіндік пен теңдік, ұлтаралық татулық жайындағы өлең мен қара сөз оқыды. Митинг соңы М.Әуезов атындағы орта мектеп оқушылары ұсынған, сәбидің жылағаны емес, күлгенін еститін күнді аңсап, жалғыздықтан жабығып, алтын да, байлық та емес, бір үзім нанға зар болып, азапқа түссе де, жер аударылып келген, ұлты орыс, жас қызды мейірбандықпен бауырына басып, оған алдан қазақтың ақ таңы туатынын айтып, ізгіліктен үмітін үзбеген ананың өмірі сомдалған  «Ашаршылық азабы» атты көрініспен және аудандық Мәдениет үйінің өнерпазы орындаған мұңлы әуенмен аяқталды (суретте).

Динара БАТЫРХАИРОВА.

Суреттер П.Норкиндікі.

Соңғы жаңалықтар

IMG_7018 ҚОҒАМ
12.09.2018

Өзекті мәселелерді бақылауға алды БЕЙСЕНБІ КҮНІ ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ТАПСЫРМАСЫ БОЙЫНША, АРНАЙЫ БЕКІТІЛГЕН КЕСТЕГЕ САЙ АУДАНЫМЫЗҒА ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БАС ИНСПЕКТОРЫ ТЕРЛІКБАЕВ ӘЛІБЕК МАМЫТЖАНҰЛЫ КЕЛІП, ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ (СУРЕТТЕ). «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ МӘЖІЛІС ЗАЛЫНДА ӨТКЕН ЖИЫНҒА АҒА БУЫН ӨКІЛДЕРІНЕН ҚҰРАЛҒАН ТӨЛЕ БИ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ҚАТЫСТЫ. Төле би ауылдық округінің әкімі Е.Даберов жиынды ашып, облыстан келген қонақты таныстырып, көпшілікті жиынға белсене атсалысуға шақырды. Мұнан кейін сөз кезегін алған Ә.Терлікбаев: -Бүгінгі кездесудің мақсаты – ауылдың тыныс-тіршілігін назарға алып, тұрғындардың мемлекеттік мекемелер басшыларының халықпен байланысы, мекемелердің қызмет сапасы жөніндегі ойларын, оларға қатысты сын-пікірлерін тыңдап, елді мекендегі өзекті мәселелерді жоғарғы билік өкілдеріне жеткізіп, оңынан шешілуіне ықпал ету,-деп атап өтті. Сұрақ-жауап кезеңінде алғашқы болып сөз алған аудандық ардагерлер ұйымы кеңесінің мүшесі М.Шалғынбаев бірнеше уақыттан бері нақты шешімі табылмай келе жатқан көгілдір отынның құнына байланысты ойын ортаға салды. Сондай-ақ, осы сұрақ төңірегінде М.Уақтегі, Н.Бердиев, Ә.Орманов, И.Алиев сынды аға буын өкілдері де пікірлерімен бөлісті. Мысалы, М.Шалғынбай жоғарыдағы билік органдарына 1200-ден астам адамның қолы қойылған хат жіберілсе де, әлі күнге дейін ешбір оң нәтиже жоқтығын айтса, Н.Бердиев өзге аудандарда халықтың көңілінен шықпаған мердігер ұйым ол жерде жұмыс жасамайтындығын, ал бізде «Париев» ЖШС әлі де өз жұмысын жалғастырып отырғандығына ренішін жеткізді. Оның айтуынша, ауыл ішіндегі қалтасы қалың азаматтар көгілдір отынға қосылып, игілігін көруде, ал бір зейнетақыға қарап отырған зейнеткелер мен қаржылық мұршасы жетпейтін өзге де тұрғындар тек арман жетегінде келеді. Сондай-ақ, И.Алиев көгілдір отынға қосылу бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілгендерге жеңілдік бар-жоғын сұраса, Ә.Орманов осыдан бірнеше жыл бұрын өз көшесіне орнатылған су құбырларының бірнеше жерден жарылып, әлі күнге дейін су атқылап тұратындықтан, су құбырларын түбегейлі жаңарту, «Аша» тұрғын алқабындағы көше жолына асфальт төсеу қажеттігін, өйткені, кешкі уақытта көшенің шаңынан таза ауамен тыныстауға мүмкіндік жоғын жеткізді. Сондай-ақ, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Е.Досымбаев Төле би ауылындағы жер асты суының көтерілу мәселесін алға тартып, оның алдын алмаса, жерді қамыс басып, шамамен бес жылдан соң тұрғындар 1000 гектар жерден айырылып қалатындығын айтты. Осы және өзге де ұсыныс-пікірлерді мұқият тыңдаған Әлібек Мамытжанұлы жер асты суының көтерілуі шын мәнінде мәнді мәселе екендігін айтып, алдағы уақытта облыс орталығында өтетін үлкен жиынға Е.Досымбаевты шақырып, мәселенің шешімін табуды сол жерде бірге қарастыратындығын жеткізді. Көше жолын асфальттау бойынша округ әкімі Е.Даберов қанағаттанарлық жауап берсе, Әлібек Мамытжанұлы көгілдір отынға қосылу құнын арзандату яғни, көпшіліктің аузынан түспей жүрген 82 756 теңге жөнінде жан-жақты зерделеп, жақын арада жауабын айтатындығын мәлімдеді. Динара БАТЫРХАИРОВА. Суретті түсірген автор.

Бейсенбі күні облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, арнайы бекітілге...

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75