Төгілген тер текке кетпейді

2
24 шілде 2017

Төгілген тер текке кетпейді

Төгілген тер текке кетпейді

Жаз мезгілі жергілікті суғарушылар үшін жұмыстың қызатын кезі. Мәселен, қырық градус аптап ыстықта диқаншылар егін жинау науқанын жүргізсе, бау-бақша өсірушілер егінжайларында өз өнімдерін өсірумен айналысады.

Үстіміздегі аптаның ортасында аудан әкімі Қайрат Досаев кезекті мәрте егін алқаптарын аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысып қайтты. Аудан басшысын алқап жұмыстарымен өзінің орынбасары, ауыл шаруашылығы саласының үйлестірушісі Әлихан Балқыбеков таныстырып жүрді. Алдымен 95,5 гектар жерді алып жатқан «Смарт Агро Қарқара» ЖШС-нің қант қызылшасы алқабын көріп шықты. Қазіргі таңда тәтті түбірді арамшөптен тазарту жұмыстары жүруде.

-Қызылшаны біз тамшылатып суару әдісімен өсірудеміз. Нәтижесі де жақсы болады деген үміттеміз. Күш пен уақыт арамшөптермен күресуге жұмасалады. Бірақ біз бұл межені де лайықты атқаруға тырысамыз,-деп қонақтарға мәлімдеді серіктестік агрономы Ғалымжан Қожағұлов.

«Балапанды күзде санайды» демекші, бәрін соңғы нәтиже көрсетеді. Қазірдің өзінде жақсы өнімге қол жеткізілетіні көрініп тұр, тек босаңсуға жол бермеу қажет,-деп қадап айтты Қайрат Әскербекұлы.

Осыдан кейін басшылар жаппай жинау жұмыстары жүргізілген арпа алқабында болды. Бұл жұмыстармен де жоғарыда аталған серіктестік айналысуда. «Смарт Агро Қарқара» өкілі Қуат Нұрлыбаев мәлімдегендей, олар жалпы аумағы 164 гектарды құрайтын екі бөлікті жер теліміне арпа еккен.

-Биылғы егістік өнімі жаман емес, 12 гектар арпа жинап алдық, орташа есеппен әр гектардан 25 центнерден өнім алдық. Жақын күндерде жинау науқанын аяқтаймыз, -деді Қ.Нұрлыбаев.

Ауыл шаруашылығының барлық қыр-сырын жетік меңгерген Қайрат Әскербекұлы егіс алаңында шетелдік өнім – «Джон Дир» маркалы комбайнның жұмыс жасайтындығын да аңғарды.

-Бұл жақсы техника, комбайнның қалай тура жүріп бара жатқанын қараңыздаршы, арпа-бидай оратын құрылғысының ені кеңестік кезеңдегі комбайндарға қарағанда  екі есеге үлкен,- деді аудан басшысы. Мұнан кейін ол жиналған шөптің арасынан бір-екі ғана дән тауып:

-Жарайсыңдар, шын мәнінде шығын жоқ деп айтуға болады. Оған сапалы жүргізілген жинау жұмыстары дәлел,-деп смарттықтарға алғысын білдіріп, ізгі тілегін де жеткізген ол: – осы қарқыннан танбаңдар, жұмыстарыңа сәттілік серік болсын,-деді. Мұнан кейін ол жиналған шөптің арасынан бір-екі ғана дән тауып,

Одан әрі Қайрат Досаев Көкқайнар ауылдық округіндегі «Нұрсұлтан» шаруа қожалығының жинау жұмыстарымен толықтай танысты. Шаруашылықты Кемелхан Биғазиев басқарады. Бұл жерде де жинау жұмыстары жүргізілуде. «Нива» маркалы бірнеше комбайндар арпа алқабын айдап шығыпты. Жергілікті агроном Серік Қырманбаев қонақтарға жұмыс қарқынынан ақпарат берді. Түс мезгілі тақап қалғанда диқандар жұмысты тоқтатты. Қожалық басшылығы өзінің жұмысшыларына жақсы қарап, оларды ыстық тамақпен уақытылы қамтамасыз етеді. Түскі ас уақытының алдында, арпа алқабының маңында  Қайрат Әскербекұлы қожалықтың жұмысшыларымен жинау жұмыстарының барысы жөнінде әңгіме-дүкен құрды.

-Сіз комбайншылардың жұмысын жетік меңгеріпсіз, мұнымен қоса «Нива» комбай-нының басқа да мүмкіндіктерін дәлме-дәл айтудасыз, мұның бәрін қайдан білесіз?-деп комбайншылар бригадирі Самат Алдашбеков қызығушылық танытты.

-Бір кездері мен де егістік алқабында комбайн айдағанмын, өзімнің алғашқы жоғары білімімді Қазақ ауыл шаруашылық институтында инженер-механик мамандығы бойынша тәмамдағанмын. Мен комбайншы болудың қандай екенін жақсы білемін және осы мамандықты жоғары бағалаймын, сондықтан сіздердің жұмыстарыңызға табыс, отбасыларыңызға аман-дық тілеймін,-деді Қайрат Әскербекұлы.

Жалпы, жинау жұмыстарына аудан басшысының көңілі толды. Ең бастысы, Қ.Ә.Досаев атап өткендей, қандай жағдай болмасын алған қарқыннан таймаса, төгілген тер текке кетпейтіні анық.

Нұржан АМАНГЕЛДІҰЛЫ.

Суреттерде:  «Смарт Агро Қарқара» ЖШС-ның қызылша алқабында;  комбайн «Джон Дир» жұмысы сенімді ақтауда; «Нұрсұлтан» ШҚ бригадирі С.Алдамбеков, комбайншылар К.Миабаев, Е.Дәулетбақов, механизатор Е.Рысалды және түптеуші Н.Сатыбалды өз жұмыстарына дән риза.

Суреттер Петр Норкиндікі.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75