«Қызылша» шаруалары ширақтық танытуда

с (1)
22 сәуір 2019

«Қызылша» шаруалары ширақтық танытуда

 

Аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сенсек, үстіміздегі жылы ауданда 1560 гектарға қант қызылшасы егіледі екен. Оның ең көп бөлігі Ескі-Шу ауылдық округіндегі «Қызылша» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. Айта кету керек, аудан аумағынан үлкен қант зауытын соғуды көздеп отырған серіктестік шикізат мәселесін оңтайлы шешу үшін өздері де тәтті түбір егумен айналысуда.

«Ауданға қант қызылшасын егу үшін былтыр күзде 300 гектар жер дайындадық. Бүгінгі таңда 40-қа жуық инженер, оператор, агрономдар мен ауыл шаруашылығы мақсатындағы 20 техника тынымсыз еңбек етуде. Мұның бәрі құрылыс жұмыстары биыл басталатын қант зауытын шикізатпен қамтудың қамы. Ал, зауыт пайдалануға берілгенге дейін шикізатты Меркі ауданындағы қант зауытына өткеретін боламыз. Әлбетте, өз кәсіпорнымыз іске қосылғанда егілетін тәтті түбір көлемін 2-3 есеге көбейтпекпіз»-дейді «Қызылша» ЖШС-нің өндірістік директоры Бағдат Белгібаев.

Қант қызылшасын егу жұмыстарын сәуір айының басында бастаған серіктестік бүгінгі күні 306 гектар жерді толығымен игерген. Олар 300 гектарға немістің «акация» және «виорика» сынды тұқымын қалған 6 гектар аумаққа өздерінің зертханасы үшін өзге де тұқымдарды егіпті. Аталмыш серіктестіктің құрылғанына көп уақыт болмаса да, олардың материалдық-техникалық әлеуеттері зор екендігін байқадық. Өйткені, бүгінгі таңда жергілікті жердегі 40-қа жуық тұрғынды тұрақты жұмыспен қамту кез келген серіктестіктің қолынан келе бермейтін іс екені белгілі. Оның үстіне, мұндағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы техникалары да ең соңғы қондырғылармен жабдықталған. Серіктестіктің бас агрономы Фрунзебек Алатаевтың айтуынша, тұқым егу жұмыстары аяқталды. Ендігі кезекте тәтті түбір топырақты жарып шыққан соң, тамшылатып суару технологияларын орналастырмақ. Тағы бір айта кететін жайт, аталмыш серіктестік жерге картограмма жасату арқылы тыңайтқыштың қанша мөлшерде керектігін анықтап алған. Сәйкесінше, тыңайтқышты мөлшерге сай қолданады. Жалпы, қант қызылшасы – бабы мен күтімі келіссе, мол өнім беретін, өсімтал дақыл. Сондықтан да, серіктестік мамандары тәтті түбір егудің агротехникалық шараларын барынша жүйелі орындауға тырысуда.

Сонымен қатар, бас агроном Ф.Алатаев биылғы егін бітік шықса, келесі жылы 300 гектар алқапты 2000 гектарға дейін ұлғайтуды көздеп отырғандарын айтады. Ол үшін бір гектарға егілген 150 мың түп балтамырдың 140 мыңы өнім берсе болғаны. Бұл – себілген тұқымның 95 пайызы өнім береді дегенді білдіреді. Оның үстіне, өткен жылға қарағанда қант қызылшасының бағасы да өскен. Мысалы, былтыр қызылшаның 1 келісі 20 теңге болған болса, биыл 22 теңге болып отыр. Оның 10 теңгесін қант зауыты, ал қалған 12 теңгесін мемлекет субсидиялайды екен. Ол үшін балтамырдың бабын тауып, оның күтіміне үлкен мән беру керек. Бұл ретте, шулық шаруалар ширақтық танытады деген сенімдеміз.

Ерғали АСХАТҰЛЫ.

Суретте: ауыл шаруашылығы саласының мамандары серіктестік алқабында.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75