Жылыжай жұмысы жүйелі

кияр
3 сәуір 2017

Жылыжай жұмысы жүйелі

Жылыжай жұмысы жүйелі

Жерге көк шыққанда, егіс науқанының басталатыны белгілі. Алайда, науқанды күтпей-ақ, жылына бірнеше мәрте өнім алатын жылыжайлар да бар. Қазіргі таңда аудан бойынша жылыжай ісін дамытуға құлшыныс білдіріп отырғандар күн санап артып келеді. Мәселен, аудандағы жалпы көлемі 1,72 гектар жылыжайдың 1,64 гектары жұмыс істеп тұр.

Соның бірі – Шу қаласында орналасқан «Сәлима» шаруа қожалығының жылыжай кешені. 2014 жылдан бері қияр дақылын өсірумен айналысатын жылыжайдың аумағы 35 сотық жерді құрайды. Егіс алқабындағы егінге қарағанда жылыжай ішінде өсетін дақылдар көп күтімді қажет ететіні анық. Тиісінше, өнімі де мол. Уақытында дәрілеп, іштегі температураны тұрақты ұстаса болғаны. Мысалы, «Сәлима» шаруа қожалығын басқарып отырған Еділхан Тәжиевтің айтуынша, тамыры тамшыдан нәр алатын өсімдіктің бір түбі 5-10 келіге дейін өнім беруге қауқарлы екен (суретте).

– Бүгінгі таңда жылыжай кешендеріне арналған «Миренга» сұрыпты қиярын өсірудеміз. Ол жылына екі рет өнім береді. Өткен жылдың соңындағы бір науқанда 12-13 тоннаға дейін өнім алдық. Алдағы уақытта жылыжайдың жанынан сыйымдылығы 4000 тонналық көкөніс сақтайтын  қойма салуды жоспарлап отырмыз,-дейді ол.

Жалпы, жылыжай екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлігінің өнімдері сатылымға шығуда. Ал кейіннен қосылған екінші бөліктің аумағы едәуір үлкен және ондағы көшеттер енді ғана күш ала бастапты. Бүгінде жылыжай кешенінде  қиярдың өніп-өсуі мен оны баптауға және өнімді жинауға жауапты 6 адам жұмыс жасауда. Кәсіпкердің өнімі негізінен ауданның орталық базарына сатылады. Қиярдың базардағы бағасы 400-ден 500 теңгеге дейінгі аралықта болса, жылыжай өнімінің әр келісі 300-350 теңге көлемінде нарыққа шығып отыр. Осы орайда, кәсіпкердің аудандағы қиярға деген сұранысты қанағаттандыра отырып, сол арқылы көл-көсір табысқа кенеліп отырғанын да айта кету керек. Тетігін тапсаң, бұл өте табысты тірлік екенін түсінетін «Сәлиманың» басшылары алдағы уақытта жылыжай көлемін арттыруды көздеп отыр.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН,

облыстық «Ақ жол» газетінің меншікті тілшісі.

Сурет автордікі.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75