Батыржан бағындырған биіктік

_APR5701
11 мамыр 2017

Батыржан бағындырған биіктік

Батыржан бағындырған биіктік

Жақында Шу өңірінен шыққан кәсіби боксшымыз Батыржан Жүкембаев Канада елінің Монреал қаласында өткен IBO International біріншілігінде мексикалық кәсіби боксшы Косме Риверумен кездесіп, жетінші раундта қарсыласын тізе бүктірді. Бұл Батыржанның тоғызыншы кездесуі әрі сегізінші нокаундқа түсіруі болып саналады.

Өткен бейсенбіде аудан әкімі Қ.Ә.Досаев Б.Жүкембаевты өзінің жұмыс кабинетінде қабылдап, оның отандық спортты өркендетуге қосып жүрген  зор үлесін атап өтті. Сондай-ақ, аудан басшысы қазақ боксын қарқынды дамытуға өзіндік үлестерін қоса білген танымал бапкер жерлестеріміз Ю.Цхайды, Д.Буданбековты, С.Төлебаевты тілге тиек етті.

-Батыржанның бұл кезекті жеңісі оны алға жетелей түсіп, үлкен биіктерді бағындыруға қанаттандырады. Оның шынайы шеберлігіне еліктеген ауданымыздың жас боксшылары да талаптана біледі деп ойлаймын,-деген Қайрат Әскербекұлы жеңімпаз боксшыға Шу ауданының Құрмет грамотасын салтанатты түрде табыс етті.

Мұнан кейін аудандық мәслихат хатшысы Ержан Өмірәлиев пен аудандық мәслихат депутаты С.Абдуманапов ізгі тілектерін жеткізіп, марқұм Құрманғали Қаршығабеков басқарған бокс  мектебінің жақсы жақтарын атап өтті.

Осы салтанаттан кейін, жерлесіміз Батыржан Жүкембаев Шу қаласындағы №31 спорт мектебінде және «Тарлан» спорт кешенінде болды. Мұнда ауданның жас спортшылары мен жергілікті жұртшылық өкілдерімен кездесті. Сол сәтте Е.Өмірәлиев Б.Жүкембаевты IBO International біріншілігінің чемпионы болуымен құттықтап, оның ата-анасы Жақсыбай Ермекбайұлы мен Гүлжан Тұраменқызына осындай ұлағатты ұл өсіргендері үшін  алғыс айтты. Ұлттық дәстүр бойынша Батыржан Жүкембаевтың үстіне шапан жауып, астына ат мінгізді.

Сонымен қатар, жерлес боксшымыз жас спортшыларға былғары қолғап шеберлігінің қыры мен сырын танытатын бірнеше тәлімді тәсілдерді көрсете білді.

Кездесу кезінде біз Батыржанға мынадай сауал қойдық:

-Батыржан, сізді ірі жеңісіңізбен құттықтаймыз! Чемпиондық белбеуді тағынғаннан кейін қандай әсерде болдыңыз?

-Бұл жеңіс оңай жолмен келе қойған жоқ. Сондықтан, төреші қолымды көтергеннен тал бойымды ерекше күш сезімі биледі. Қазір алғашқы алған әсерім басылғанымен, жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын.

-Жаңа чемпиондық атаққа ие болғаныңыз алдыңызға жаңа міндеттер қойып отырған шығар?

-Әрине, оған ешбір талас жоқ. Алдағы уақытта да жетістіктерімді жалғастыра отырып, ел намысын қорғай біліп, әлем чемпионы атағына қол жеткізсем деп армандаймын.

-Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» құрметіне ұйымдастырылатын жаздағы кәсіпқой бокс біріншілігіне  қатыса аласыз ба?

-Егер ұйымдастырушылар тарапынан біздің менеджерге тапсырыс түсетін болса, халықаралық жәрмеңке мерекесіне міндетті түрде қатысамын.

-Жерлестеріңізге қандай айтар тілектеріңіз бар?

-Барша бауырларыма алғысымды айтқым келеді. Көбінесе Отанымыздан алыс жақта жүрсемде жерлестерімнің қызу қолдайтындықтарын іштей сезінемін. Сондықтан, бәріңізге үлкен рахмет айтқым келеді.

Кездесу соңында шулық жас спортшылар атақты боксшымен бірге суретке түсіп, оның қолтаңбасын алуға құлшыныс танытты. Бәлкім, осы жасөспірімдер арасынан ауданымыздың абыройын арттыратын, еліміздің еңсесін биіктететін болашақ чемпиондардың шықпасына кім кепіл бере алады деген ізгі ой тал бойымызды тербетті.

Р. Хайруллин.

Суретте: аудан әкімі Қ.Досаевтың Б.Жүкембаевты қабылдау сәті.

Сурет П.Норкиндікі

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75