Өңірімізде үшем дүниеге келді

IMG_4864
14 маусым 2017

Өңірімізде үшем дүниеге келді

Өңірімізде үшем дүниеге келді

Бұл күндері Нұрахановтар отбасында үлкен қуаныш. Өйткені, осыдан бір ай бұрын аудандық перзентханада дүниеге үшем әкелген отанасы Шынар Нұраханова бүгін бауыр еті – үш баласымен Тараз қаласындағы облыстық перинаталдық орталықтан үйіне оралып, барша ағайын-туысты зор шаттыққа кенелтті. Өмірде сирек кездесетін мұндай қуанышты сәтке біз де ортақтасып, кеше Нұрахановтардың отбасына барып қайттық.

Аулаға кіре сала байқағанымыз, кеуделерін шаттық сезім кернеген, шуылдаған ағайын-туыс, жақын-жұрат, дос-жаранның бәрі осы жерде екен.  Дәмге толы дастархан да дайын. Нұрахановтардың ет-жақындары ақ дастархан басында қуаныш иелерін құттықтап, ақ тілектерін ақтаруда. Көптің тілегі бір. Ол – үшемнің аман-есен өсіп, саналы азаматтар қатарынан көрінуі.

Біз оңтайлы сәт туғанда үшемнің ата-анасы Батырбек пен Шынарды сөзге тарттық. Ерлі-зайыптылардың бұған дейінгі екі қыз, бір ұлы бар екен.  Енді, отанасы бірден алты балалы ана – «Күміс алқа» иегері болып шыға келді.  Тағы да екі қыз, бір ұл. Жарық дүниенің есігін алғаш болып ашқан үшемнің үлкені Әлімжан Әмина 1 келі 700 грамм, одан кейінгі Әлімжан Айсұлтан да 1 келі 700 грамм, ал кішісі Әлімжан Әлима 1 келі 600 грамм салмақта туылыпты.

-Жүкті кезімде, яғни іштегі шарананың үш айлығы кезінде ауданымыздан ультрадыбыстық зерттеуге түсіп, үшем дүниеге әкелетінімді  білдім. Осы жақта жеңілденгеніммен, балалар шала туылғандықтан, дәрігерлер мені бірден Тараз қаласындағы перинаталдық орталыққа жөнелтті. Ол жақта бір ай ем қабылдадық. Қазіргі уақытта балалардың денсаулығы қалыпты. Үшеуінің де салмағы 2 келіге жетті,-дейді үшемнің анасы Шынар Нұраханова.

Жас сәбилерді қолдарына кезек-кезек көтерген олардың әкесі мен ата-әжесінің де қуаныштарында шек жоқ.

-Алғашында шала туылды деп естіген соң, жатсақ-тұрсақ балалардың аман болуын, денсаулықтарының түзеліп кетуін тіледік. Мұндай жағдай біз ес білгелі біздің тұқымда болған емес. Сондықтан, біз үшін бұл күтпеген жағдай. Қазақта «Егіз қозы дүниеге келсе, бір түп жусан артық шығады» деген сөз бар. Құдайдың берген нәсібі деп білеміз,-деп кеуделеріндегі шаттық сезімді жасырып қала алмаған үшемнің атасы мен әжесі де олардың аман болуын тіледі.

Әңгіме барысында бұл отбасының тұрмыстық жағдайын да назардан тыс қалдырмағанды жөн көрдік. Отағасы Батырбектің айтуынша, 2001 жылы шаңырақ көтерген ерлі-зайыптылар алғашында Ақбақай елді мекеніндегі өздерінің жеке үйлерінде тұрып, отағасы сол жақта  көлік жүргізушісі  болып тұрақты жұмыс жасаған. Алайда, ол жұмыс тоқтап қалғандықтан, осы уақытқа дейін отбасымен Алматы, Астана қалаларында жалдамалы пәтерді паналап, қолынан келген түрлі жұмыстарды атқарып келген. Өткен жылы көктемде туған жеріне  тұрақтаған Батырбек содан бері Төле би ауылындағы жалдамалы пәтерде тұрып келеді.   Отбасы иелерінің екеуінің де қандай да бір арнаулы немесе жоғары білімді мамандықтары жоқ болғандықтан, тұрақты жұмыстың да ыңғайы болмай отыр.  Тағы да түрлі жалдамалы жұмыстың тізгінін ұстаған Батырбекке енді отбасын асырау оңайға соқпайтынға ұқсайды. Өйткені, қазіргі уақытта паналап отырған пәтерге айына 15 мың теңге пәтерақы төлейді екен. Өзі ескі үй, ауласында су құбыры да жоқ. Ауыз суды көршілерінен тасып ішуде. Бұл жаңадан босанған әйел адамның үй тірлігіне, балалардың кір-қоңын жуғанға да қиындық туғызатыны жасырын емес. Оған қоса жаңадан дүние есігін ашқан сәбилер қазіргі уақытта белгілі себептермен ана сүтімен тамақтанбайды. Оларға сатып алынатын арнайы тағамның бір қорабы 4000 теңге тұратын көрінеді. Жұмыссыз отбасыға бұл да айтарлықтай қаражат екені белгілі.

-Өткен жылы аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарына жолығып, жерге кезекке қоюды өтінген едім. Олар барып бос жер тауып кел деп қайтарып жіберді. Ал, балаларға мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы алу үшін аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барғанымда ол жақтағылар өз атыңа жазылған мекенжай анықтамасын әкеліп бер деп шығарып салды,-дейді Шынар Нұраханова.

Қалай десек те, бұл отбасына мемлекет тарапынан  көмектің ауадай қажет екені айтпаса да түсінікті болып тұр. Жергілікті билік өкілдері мен демеуші бола алатын қалталы азаматтар ең бастысы баспанамен қамтылуына қаржылай болса да қолдау көрсетіп, қол ұшын созса нұр үстіне нұр болар еді.

Динара Батырхаирова.

Суретте: Б.Нұраханов пен Ш.Нұраханова

алты перзентімен бірге.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75