Таңдайына тәтті үн ұялаған

1.
10 сәуір 2017

Таңдайына тәтті үн ұялаған

Таңдайына тәтті үн ұялаған

Киелі де қасиетті Шу өңірінде қазақтың ұлттық өнеріне, жыр, термелеріне сусындап өсіп, Жамбыл, Сүйінбай, Кенендердің өнерін жалғастырып, маңдайына ақындық тағдыр жазылып, таңдайына тәтті үн ұялаған, даланың жырын, дананың үнін көкейіне қондырып, болмысына сөз сиқыры дарыған тума талант бар.  Ол – Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің, Бауыржан Момышұлының «Батыр шапағаты» медалінің иегері, ақын-сазгер, жыршы-термеші, жерлесіміз Аяз Бекетайұлы Бетбаев. Оның ауданымыздың мәдениет саласына қосқан үлесі де қомақты. Сұрапыл соғыс жылдарының бірінде дүниеге келіп, жас кезінен өмірін өнерге бағыттаған Аяз Бекетайұлының 75 жылдық мерейтойына арналған «Термесімен тербелген Аяз ақын» атты шығармашылық кеш сәрсенбі күні аудандық Мәдениет үйінде өтті.

Аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қызметкерлері  ұйымдастырған бұл шараға өнерсүйер қауым көптеп жиналды.  Жұртшылық өкілдері әуелі Мәдениет үйінің дәлізінде орналасқан кеш иесінің сурет көрмесін тамашалап, осы жерде өткен А.Бетбаевтың  бірнеше әндері енгізілген «Сағыныш» атты жаңа әнтаспасының тұсаукесер рәсіміне куә болды. ҚР мәдениет қайраткері, Шу ауданының Құрметті азаматы, айтыскер ақын Базарбай Асқартегі тұсаукесер рәсімді ашуға арналған жүрекжарды арнауын орындады. Мұнан соң жаңа әнтаспаның лентасын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазақбай Байжұманұлы мен мерейтой иесі Аяз Бетбаев көпшілік алдында салтанатты түрде қиып, бірнеше әнтаспа жиналған қауымға естелік ретінде таратылды.

Сондай-ақ, Шу қалалық «Ақ ниет Бота» жәрдем орталығы әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Л.Көшенова сөз сөйлеп, мерейтой иесіне ақ жарма тілегін жеткізді.

Қалың қауым Мәдениет үйінің залына жайғасқан соң бірінші кезекте Аяз Бетбаевтың өмір жолы, замандастарының ол туралы пікірлері баяндалған, басты кейіпкер ретінде қатысқан «Ұят болмасын», «Тағдырластар» сынды телебағдарламалардан үзінділер көрсетілген бейнебаян көпшілік назарына ұсынылды.

Шығармашылық кеш «Шу қаған» халық театрының Аяздың дүниеге келуі жайындағы сахналық қойылымымен басталды. Қойылым желісінде қыстың қақаған аязды күндерінің бірі – 1942 жылдың 13-ақпанында Аяз дүниеге келіп, артынша әкесі соғысқа аттанады. Соғыстан аман-есен ораламын ба деген күдік ұялаған Бекетай майданға кетіп бара жатып, ұлының есімін өзі Аяз деп қойып кетеді. Күн санап ержеткен Аяздың түсіне бір күні Жамбыл ата еніп, өзінің домбырасын ұсынып, ақ батасын береді. Баба рухы қолдаған ақын Аяз Жамбыл атасына арнап жыр жазады.

Мазмұнды қойылымнан соң сахна төріне көтерілген А.Бетбаевтың шәкірті, айтыскер ақын Ертай Тазабеков күмбірлеген домбырасымен кеш иесіне арналған арнауын орындады.

Салтанатты сәтте сөз сөйлеген аудан әкімі Қ.Ә.Досаев Аяз ақынның өнегелі өмір жолы, Сауытбек ақынның шығармаларын орындаудағы шеберлігі, шығармаларының танымалдылығы, айтыс өнеріндегі орны жайлы кеңінен тоқталды. Кеш иесінің иығына шапан жауып, ықылас гүлін ұсынды.

Сондай-ақ, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары М.Қ.Жинақбаева А.Бетбаевты Қытай, Моңғолия, Қырғыз, Ресей жұртшылығы жақсы білетінін, Сүйінбайдан Жамбыл, Жамбылдан Кенен, Кененнен Аяз бата алғанын тілге тиек етіп, артынан осы үрдісті үзбейтін ізбасарларының көп болуын тілеп, Жамбыл ата бейнеленген кілемшені ескерткіш ретінде тарту етті.

Мәдени шара жұптасып өнер көрсеткен ақындар айтысына ұласты. Сахнада бірнеше халықаралық, республикалық, облыстық ақындар айтысының жүлдегері Алтынкүл Қасымбекова мен Шу ауданының жас айтыскер ақыны Нұрлан Жұмабеков кеш кейіпкерін айтыстың негізгі өзегіне айналдыра отырып, бірінің сөзін екіншісі лезде іліп алып, жеңге мен қайын арасындағы астарлы қалжыңмен өрілген, әдемі айтыс өрнегін көрсетті.  Екінші жұп болып ортаға шыққан Байзақ ауданының айтыскер ақыны Ертай Тазабеков пен Шу ауданының айтыскер ақыны Бақтыбек Жұмабеков те осал өнер көрсеткен жоқ.

Шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Байжұманұлы А.Бетбаевты мерейтойымен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізсе, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, ақын-сазгер Б.Исаева арнау жырын оқыды.  Ал, ҚР мәдениет қайраткері , Меркі ауданының құрметті азаматы, ақын, жыршы Б.Шошабаев А.Бетбаевтың «Тәрбие» термесін орындады. Сондай-ақ, «Әсем әуен» фольклорлық ансамблі, айтыскер ақын Б.Асқартегі, өзге де мәдениет үйі өнерпаздарының орындауында  мерейжас иесінің бірнеше әндері шырқалып, көрерменнің зор қошеметіне ие болды.

Осылайша, даламен үндесіп, бабамен тілдесіп, жаңамен үйлесіп, санамен күн кешіп, өз биігіне жеткен Аяз ақынның шығармашылық кешіне жиналған қауым, рухани демалып, ризашылықпен тарқасты.

Суретте: шығармашылық кештен көрініс.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75