Сыбайластық сыйластық емес

_MMM6616
15 мамыр 2017

Сыбайластық сыйластық емес

Сыбайластық сыйластық емес

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 13 – қадамында: «Жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, сонымен бірге жаңа заңнамалар әзірлей отырып, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құру»-деп көрсетілген болатын. Осы орайда ауданға сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру және азаматтарды жедел қабылдау жүргізу мақсатында «Парасыз болашаққа. Бірге!» ұранымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бастамасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ жұмысы арнайы келді. Мобильді топ білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет сынды әр сала бойынша төрт бағытта жұмыс жүргізді.

Алдымен жоғарыда аталған департаменттің басшысы, мобильді топ жетекшісі М.Ы.Нәлібаев аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан активімен кездесу өткізді. Қатысушылар алдында аудан әкімі Қ.Ә.Досаев республика үшін қауіптілігі зор мәселемен үздіксіз күрес жүргізіліп жатқандығын атап өтті. Өз кезегінде Мақсұт Ыбрайханұлы мемлекеттік қызметшілердің өз міндеттерін таза әрі лайықты атқарып, халыққа адал қызмет көрсетіп, жемқорлық атаулыға жол бермеу қажеттігін алға тартты (суретте). 

Ал, қалалық емханада дәрігерлермен, №10 Шу колледжінде оқытушылармен және білімгерлермен, Қонаев ауылындағы Төле би атындағы орта мектептің мәжіліс залында аудан тұрғындарымен, аудандық мәдениет үйінде мәдениет саласы және кітапхана қызметкерлерімен, сондай-ақ, «Тараз химиялық паркінде» өндіріс орнының ұжымымен кездесу өткізген жоғарыда аталған департаменттің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Д.Д.Омаров негізге алынған мақсатта түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Сол секілді мобильді құрамның үшінші тобы Бірлік ауылындағы М.Х.Дулати атындағы орта мектебінің мұғалімдерімен, «Тарлан» спорт кешенінде жастармен, аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан жастарының көшбасшыларымен кездессе, төртінші топ халық көп шоғырланған орындарда, яғни, Халыққа қызмет көрсету орталығында аудан тұрғындарын  жеке сұрақтары бойынша қабылдап, мәнді мәселелерін тыңдады.

Кездесулер өткізілген жоғарыда аты аталған барлық мекемелерде сыбайлас жемқорлық жайында көрсетілген бейнебаян қатысушылар назарына ұсынылды.

Мобильді топ мүшелері әр мекемеде сыбайлас жемқорлықтың салдары неге әкеп соқтыратынын айтып, санада оған төзбеушілік түсінігін қалыптастыру қажеттігін алға тартты.  Мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрлері кезіндегі құжат алу немесе тапсыруда қызметкер  заңсыз негізде ақы талап ететін болса міндетті түрде арнайы органдарға хабар берілуі қажет екендігі ескертілді.  Сондай-ақ, сыйлық берген немесе алған адамның екеуі де жемқорлыққа жол бергендер санатына жатқызылып, жауапкершілікке тартылады. Осы және басқа да орын алып жатқан қоғамдағы жемқорлыққа қатысты жағдайларда куәгер қандай шаралар қолдануы қажет екендігін жан-жақты түсіндірген мамандар оның алдын алу жайына да кеңінен тоқталып өтті.

Балнұр Қарамолда.

Сурет П.Норкиндікі.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75