Ел жүрегі АСТАНА

_IJL0530
13 шілде 2017

Ел жүрегі АСТАНА

Ел жүрегі АСТАНА   

Туған күнге тамаша тартулар болды

Сарыарқаның төсінде, еуразия жүрегінде орналасқан еліміздің бас қаласы – Астана биыл 19 жасқа толды. Айтулы күнді барша қазақстандық ерекше көңіл күймен, үлкен қуанышпен атап өтті. Он тоғыз жасты адам өміріндегі бала шақтан болашаққа қадам басқан ересек шағы десек,   өсіп-өркендеудің бастапқы кезең екені белгілі. Ал осы санаулы уақыт аралығында, небәрі 19 жыл ішінде Елордамыз – Астана әлем таныған, жер жаһан қызыққан алып шаһарға айналып үлгерді.

Еліміздің ордасына қандай құрмет, қандай марапат көрсетсек те жарасымды. Сондықтан Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен 2008 жылдың 6-шілдесінен бастап Астана күнін тойлау игі дәстүрге айналды. Сол жылдан осы күнге дейін ел тұрғындары мерейлі мерекені асыға күтіп, ерекше ықыласпен атап өтіп келеді. Биылғы жылы да, яғни өткен аптаның сәрсенбісі мен бейсенбісінде Астананың туған күніне өзіндік тарту-таралғылары ретінде шулықтар да түрлі шаралар ұйымдастырып, жылдағыдан ерекше атап өтуге тырысты.

Сәрсенбі күні таңғы салқынмен орталыққа үлкен-кіші көптеп жиналды. Барлығы спорттық, ыңғайлы киімдерін киіп, бір-бір велосипедті мінгескен. Жалпы, қатысушылар велошеруге қатысуға сақадай сай тұрды. Бұл шараны аудан әкімдігінің денешынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырды. Автокөлік жүрісіне тоқтау салынып, орталық алаңның қақ төріне  «Старт» белгісі қойылды. Алдымен, хабарламашы шерудің тәртібін, бағыттарын түсіндіріп өтті. Осыдан кейін жүргізушінің шақыруымен жаздық сахнаға аудан әкімі Қайрат Әскербекұлы Досаев көтерілді.

-Құрметті жиналған қауым, сіздерді еліміздің жүрегі, мемлекетіміздің символына айналған Елордамыз – Астананың туған күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған спорттық шара  шулықтардың Астана күніне тартуы болмақ. Сондықтан барлықтарыңызды белсене атсалысуға шақырамын,- деп аудан басшысы қатысушыларды мерейлі мерекемен құттықтады.

Осыдан кейін шеруді бастауға нұсқау берілді. Жеті топқа бөлінген жалпы саны 225 қатысушының бірінші тобында аудан әкімі бастаған аудан активі, екінші топта «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының өкілдері, үшінші топта аудандық мәслихат депутаттары, төртінші топта аудан әкімдігінің бөлім және мекеме басшылары мен қызметкерлері, бесінші топта ауыл әкімдері мен қызметкерлері, алтыншы топта аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы мен қызметкерлері және соңғы жетінші топта ерікті азаматтар болды. Велошерушілерді байкерлерден құралған «Либерти» аудандық мотоклубының мүшелері бастап жүрді. «ЭКСПО» жалауын желбірете жүріп отырған шара қатысушылары орталық Төле би көшесінен Н.Бәзілов көшесін қамтып өтіп, Балуан Шолақ көшесінің бойымен аталмыш көшеде орналасқан Сары Хасенов атындағы стадиондағы шерудің мәре сызығына дейін келді. Аптап ыстықпен жүріп өткен оларды стадионда жиналғандар қошеметпен күтіп алып, салқын су үлестірді. Осы жерде барлығы естелік суреттерге түсіп, тарқасты.

* * *

Велошеруден кейін аудандық Мәдениет үйінде Астана күніне орай «Ел жүрегі – Астана» атты салтанатты жиын ұйымдастырылды. Оған аудан әкімі Қ.Досаев және аудан активі мен аудан тұрғындары қатысты. Алдымен Астана қаласының тарихы туралы деректі фильм көсетілді. Одан кейін Қайрат Әскербекұлы құттықтау сөз сөйлеп, Елорданың асқақтығын атап өтіп, қатысушыларға тағы да ізгі тілегін білдірді. Игі дәстүр бойынша мерейлі мерекеге орай ауданның әлеуметтік–экономикалық дамуына белсенді үлес қоса білген бірқатар азаматтар аудан әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, көпшілікке ақжарма тілегін арнаған аудандық мәслихат хатшысы Ержан Көрікбайұлы да бірнеше азаматтың атын атап, сахна төріне шақырып, Шу ауданының Құрмет грамотасын табыс етті.

Марапаттау рәсімі аяқталғаннан кейін аудан өнерпаздарның мерекелік сазды бағдарламасы ұсынылды. Онда Елордаға, туған жерге арналған патриоттық сарындағы және шет елдердің ырғақты әндері орындалды. Құлақтан кіріп бойды алған әсем әндер мен еріксіз тамсандырған түрлі жанрдағы билерді тамашалаған көрермендер өнерпаздарға зор қошемет білдіріп отырды.

* * *

Туған күнге тартулар мұнымен толастаған жоқ. Бейсенбі күні кешке аудандық Мәдениет үйінің жаздық сахнасында «Ел жүрегі – Астана» атты концерттің жалғасы ұсынылды. Мұнда мәдени қызметкерлер  асқақ Астана туралы әндерді әуелете шырқады. Жиналған көпшілік ән тыңдап, би билеп әрі кешкі салқынмен серуен құрды. Осы күні жеке кәсіпкерлер де өз қызметтерін ұсынып, батуттар мен ойыншық көліктерге мінгесіп қызығын көрген балалардың мерекелік көңіл күйлерін еселей түсті.

-Аудан басшылығы тарапынан ұйымдастырылған мерекелік шарадан қалмауға тырысамын. Кешегі шараға да арнайы келіп қатыстым, бүгін де балаларымды бірге алып келдім. Теледидардан көргенше, өзіміздің өнерпаздардың әндері мен билерін көзбен көріп тамашалағанға не жетсін. Астана күнін тойлауды өзге мейрамдардан артық көрмесем, кем санамаймын. Себебі, абыройымызды асқақтатқан Астананың туған күнін мемлекеттік мерекелер қатарынан көру еліміз үшін үлкен мәртебе,-дейді Төле би ауылының тұрғыны Ақмарал Тасыбекова.

Осы шараның соңында түнгі аспанға отшашулар жағылып, жастар би кешімен жалғасты.

Балнұр ЖЕКЕНБЕКҚЫЗЫ.

Суретте: велошеруден көрініс.

Сурет П.Норкиндікі.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75