Кәсіпорын тынысы кеңейіп келеді

10 мамыр 2018

Кәсіпорын тынысы кеңейіп келеді

 

Биылғы жылы өз Тәуелсіздігінің 27 жылдығын атап өтетін Қазақстанның заманауи экономикасын қалыптастыруда теміржол саласы маңызды рөлге ие. Бұл сала республика аумағында көптеген өндіріс ісін дамытуға тікелей оң әсерін тигізе отырып, тәулік бойы ауыр жүк тасымалдауда да еліміздің өндірістік күшін бір арнаға тоғыстыратын мемлекеттің тірегі болып қала береді.

Шу қаласы осы уақытқа дейін  өңіріміздің даңқын асыратын бірнеше ұрпақ өкілдер еселі еңбек еткен,  теміржол саласының көптеген маңызды кәсіпорындары орналасқан еліміздің ірі теміржол торабына айналды. Сондай ірі кәсіпорындардың бірі – бірқатар білікті мамандарды түлетіп, табысты қызмет етіп келе жатқан Шу локомотив пайдалану депосы. Ең бастысы, мұнда өткен жылдардың үлесіндегі бай тәжірибені сақтап қалуға және өндіріс процесіне  жаңа, заманауи технологияны енгізуге өзіндік ықпалын тигізетін ұрпақтар сабақтастығы ұстанымы табысты жүзеге асып келеді.

Қазіргі ғасыр – компьютерлік технология ғасыры. Біздің теміржолшылар да бұл процестен қалыс қалған емес. Тәуелсіздік жылдарында көптеген өзгерістер орын алды. Локомотив паркі толықтырылды. Оның жарқын дәлелдерінің бірі – бізге Қытай мен Франция елдерінен жаңа техникалардың жеткізілуі. Мұның барлығы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында көрсетілген міндеттермен тікелей байланысты. Мысалы, бүгінгі таңда Шу локомотив пайдалану депосында тозығы жеткен техникаларды заманауи үлгідегі, әлемдік деңгейдегі жоғары талаптарға сай келетін, жаңа техникаға алмастыру жүзеге асырылуда. Жоғарыда атап өткендей, бұл Қазақстанның барлық бағыттарына қатынайтын жолаушылар пойызын қамтамасыз ететін КZ-4A, KZ-4AS маркалы қытайлық өндірістен, KZ-4AТ маркалы франциялық өндірістен шыққан локомотивтер. Сондай-ақ, іргелес мемлекеттерден келетін техникалар қатарында жүк тасымалын қамтамасыз етуге арналған KZ-8 локомотиві де бар.

Осы мыңжылдықтың басында бізде «Тальго» және «Тұлпар Тальго» алғашқы жүрдек пойыздары шыға бастағаны белгілі. Бүгінгі таңда бұл жүрдек құрамдар еліміздің барлық аймағына қатынап, Қазақстанның барлық ірі қалаларына жолаушыларды тез әрі сапалы жеткізуде.

Біздегі локомотив бригадасы Шу-Сарышаған учаскесі бойынша жүрдек пойыздарға да қызмет көрсетеді. Жүк пойыздарына қатысты айтар болсақ, ол Шу-Сарышаған және Шу-Отар учаскелерінде жоғарыда аталған жаңа әрі заманауи локомотивтермен жүзеге асырылады.

Тағы бір айта кететін жайт, депо басшылығы жұмыс процесіндегі қажеттіліктерді жаңа жүйеге сай жаңғыртып отыруды да назардан тыс қалдырмайды. Біздегі барлық локомотивтер компьютерлендірілген, локомотив тобының мүшелеріне де жоғары талаптар қойылады.

Өйткені, қазіргі таңда ескі әдіспен жұмыс жасау мүмкін емес. Машинистер мен олардың көмекшілері пойыздардың қауіпсіз әрі сапалы қозғалысын қамтамасыз ету үшін барлық жаңа технологияны меңгерген болуы қажет.

Бір сөзбен айтқанда, біздің кәсіпорын алға қойылған міндеттерді лайықты орындап, ел экономикасын дамыту ісіне лайықты үлес қосып, мықты мемлекет құру жолында нақты заманауи қадамдар жасап келеді.

Константин Бирюков,

Шу локомотив пайдалану депо-сының машинист-инструкторы.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75