Халықаралық шараны қолдауда

_IJN9502 (1)
14 маусым 2017

Халықаралық шараны қолдауда

Халықаралық

шараны қолдауда

«ЭКСПО-2017»  халықаралық көрмесіне арналған мотошеру қатысушылары үстіміздегі жылдың 27-мамырында Шымкент қаласынан бастау алған жол сапарларын Шу жерімен жалғады. Өңірімізге аялдаған теміртұлпарды тізгіндеушілер алдымен аудан әкімі Қайрат Досаевтың қабылдауында болды.

Аудан басшысының жұмыс кабинетінде өткен мәнді әңгімелесу барысында Қайрат Әскербекұлы келген қонақтардан акцияның мақсатын, көңіл-күйлерін, әсерлерін сұрап, әлемдік дәрежеде өтіп жатқан көрмеге қосқан зор үлестеріне өз ризашылығын білдірді.

-Мотошеруді ұйымдастырудағы мақсат – Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатын қолдайтынымызды білдіру болатын. Яғни, республикамыздың бірнеше аймағын қамти отырып, бүкіләлемдік ЭКСПО көрмесі жайында, оның маңыздылығы туралы халыққа насихаттап, қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрін, тарихи маңызы зор дүниелерін елімізге келген өзге де қонақтарға көрсеткіміз келеді. Бұдан бөлек, біз еліміздегі мотоспорт пен мототуризмді дамытуға назар аудартқымыз келеді,-деп түсіндірді ОҚО мотоциклшілер федерациясының президенті Рүстем Базарбеков.

Акцияны ауқымды көлемде ұйымдастырып жатқан Р.Базарбековтің бұл бастамасын Елбасы Н.Ә.Назарбаев, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов те айрықша қолдаған екен.

Құрамында 10 қатысушысы бар мотошеру еліміздің Түркістан, Қызылорда, Байқоңыр, Ақтөбе, Орал, Атырау, Қостанай, Астана, Балқаш және Шу жерлерін  қамтып өткен. Алда әлі Алматы мен Тараз қалалары бар. Аталған аймақтарды аралаған олар 7 мың шақырым қашықтықты және 16 күн мен түнді артқа қалдырған.

-Біз болып қайтқан барлық аймақта түрлі клубтардың мото мүшелері ыстық ықыласпен қарсы алып, қолдауларын аямауда. Өз басым осы акцияның қатысушысы болғаныма өте қуаныштымын. Мотошеру арқылы еліміздің көптеген қалаларын аралауға, бүкіләлемдік көрмені тамашалауға мүмкіндік алдым,-дейді мотошеруге қатысушы, оңтүстік қазақстандық Сапарғали Елеусінов.

Қонақтарды Қанат Әділбеков басқаратын аудандық «Либерти» клубының мүшелері күтіп алып, аудан әкімінің қабылдауында солармен бірге болды. Қайрат Әскербекұлы Қ.Әділбековке жергілікті басшылықпен бірлесе отырып, аудандағы мотоқозғалысты дамытуға көңіл бөлу жөнінде ұсыныс білдірді.

Атап өтерлігі, бұған дейін де аудан көлемінде өткізіліп келген іс-шараларға белсене қатысып жүрген «Либерти» мотоклубының мүшелері «ЭКСПО-2017» аясындағы осындай шарадан да қалыс қалмайды.

-Мен мотошеру мүшелерінің қатарына қосылып, біздің аудан да еңселі еліміздің жетістігін мақтан ететіндігін білдіргім келді. Елордада орын алып жатқан өзгерістерді өз көзіммен көргеннен кейін жерлестерімді де көрмені тамашалауға шақырудамын. Себебі, әлемдік деңгейдегі алып көрмені көрген де арманда, көрмеген де арманда!–деп сезімімен бөлісті мотошеруге қатысушы, «Либерти» клубының вице-президенті Ұлан Абуев.

Кездесу соңында аудан басшысы өзге де әріптестері сынды «ЭКСПО-2017» жалауына өзінің қолтаңбасын қойып, мотошерушілерге ақ жол тілеп, шығарып салды.

Евгения СТЕЦЮРА.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75