Қадірлі қарияларға құрмет

2+
15 мамыр 2017

Қадірлі қарияларға құрмет

Қадірлі қарияларға құрмет

Сонау 1945 жылы Жеңіс жалауы желбіреген күннен бері талай жылдар сырғып өтсе де халқымыздың ұлы ерлігі жадымыздан ешқашан өшпек емес. Өңірімізден майдан шебіне 11 мыңға жуық жауынгер аттанып, Отан үшін мұзда тоңып, отқа түсті. Жасыратыны жоқ, соғыс ардагерлерінің саны жыл санап сиреп барады. Бейбіт өмір сыйлаған соғыс ардагерлеріне қамқорлық танытып, құрметке бөлеу бүгінгі ұрпақтың парасатты парызы. Сондықтан көзі тірі ардагерлерге қандай құрмет көрсетілсе де көптік етпейді.

20170507_111310

Бүгінгі күні ауданда тек жеті соғыс ардагері қалды.  Мереке қарсаңында аудан басшысы, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының өкілдері, мекемелер мен кәсіпорындар басшылары, қорғаныс істері жөніндегі бөлім  және тағы басқа жауапты қызметкерлер Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құттықтап, сыйлықтар табыстады.

Атап айтар болсақ, аудан әкімі Қайрат Досаев 8 мамыр күні Төле би, Қонаев ауылдарында тұратын соғыс ардагерлері Ибрагим Мұсаев пен Иосиф Азимовтың үйлеріне барды. Қайрат Әскербекұлы  ардагерлерге өзінің жылы лебізін білдіріп, ҚР Премьер-Министрі Б.Сағынтаевтың құттықтау қағазын  табыстап, арнайы әзірленген жеміс толы себетті ұсынды.

Дәл осы күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Әліпбаев, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Б.Жолдас, аудандық мәслихаттың депутаты І.Тортаев, Жаңа жол ауылдық округтің әкімі Ж.Тәжиев  соғыс ардагері Алдабек Оңғарбаевтың, Шу қаласында  ұзақ жылдар бойы локомотив депосында қалтқысыз қызмет істеген, соғыс ардагері Дмитрий Серебряковтың қарашаңырағына барып, ол кісінің денсаулығына қажетті көмек көрсетілуін қамтамасыз етті. Теміржол қызметкерлері ардагерді ешқашан ескерусіз қалдырған емес. 9 мамыр күні Шу депосының кәсіподақ комитетінің төрағасы А.Тоқтарбаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Қарғабаев, аудандық мәслихаттың депутаты Д.Ахметов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының кеңесшісі А.Алдан ардагерге сый-сияпат жасады. Дмитрий Васильевич пен оның отбасы құттықтап  келушілерге көңіл бөлгендері үшін разылығын білдіріп, ізгі тілегін жеткізді.

Сонымен қатар, «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасы аясында Дархан Бұхарбайұлы майдангерлердің үйіне арнайы барып, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар-Құл-Мұхаммедтің атынан жолданған ашық хатты жеткізіп, дастарханға арналған сый-сияпат қоржынын табыс етті.

Қариялардың денсаулығын, қал-жағдайын, тұрмысын сұраған Дархан Бұхарбайұлы қолындағы ашық хатты табыс етіп жатып, былай деді:

-«Сіздің соғыс жылдардағы жауынгерлік ерлігіңіз және әскери кезеңнен кейінгі жасампаз еңбегіңіз үшін алғыс білдіреміз» – деп жазылған бұл хатта. Біз сіздердей Жеңіс сарбаздарының ұрпағымыз. Сіздердің жанқиярлықтарыңыздың арқасында алаңсыз ғұмыр кешудеміз. Көз алдымызда Жеңіс күнін бірге тойлап жүргендеріңіз біздер үшін ең бақытты сәт.

Осы сөздер әсер еткендіктен болар көздеріне жас алған ардагерлер келген қонақтарға алғыстарын жеткізіп, ақ тілекке өрілген баталарын берді.

Атап өтерлігі, сол күні аудандық мәслихат депутаттары Ерғали Әбішев, Айдархан Мұқатаев та соғыс ардагерлерін мерейлі мерекемен құттықтап, қаржылай сыйлық ұсынды.

Құттықтаушы ақ ниетті жандардың қатарында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Б.Қалықов пен №14 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Е.Канкулов та болды. Олар Жаңақоғам ауылдық округінің тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Темірбек Каликовтың үйіне барып, Жеңіс күнімен құттықтап, ақжарма тілектерін арнады.

-Сіздер көрсеткен ерлік үлгісі біздер үшін зор мақтаныш. Сондықтан біздегі мақсат – бейбіт күн мен тыныштық сыйлаған сіздей қаһармандарға лайықты ізбасар болу, бейбітшілікті сақтай отырып, елімізді өркендету, – деді Б.Қалықов.

-Бүгінгі күннің қаһармандары сендердей ер азаматтар. Ел мен жерді қорғау енді сендердің қолдарыңда. Елімізде соғыс оты тұтанбасын. Тыныштық мәңгі орнасын. Елеп келіп отырғандарыңа рахмет, – деп батасы мен алғыс сезімін білдірді Темірбек ата.

Бөлім қызметкерлері соғыс ардагеріне гүл шоқтары мен естелік сыйлық табыс етті.

Нұржан ҚАДЫРБЕКОВ,

Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Суреттерде: ардагерлерді құттықтау барысынан көріністер.

Суреттер П.Норкиндікі және авторлардікі.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75