Бет алып барасыңдар Аcтанаға

11
19 маусым 2017

Бет алып барасыңдар Аcтанаға

Бет алып барасыңдар Аcтанаға

Асқақ Астанаға бағыт алған көш керуені шырайлы Шу жеріне келеді дегеннен-АҚ, қызу дайындық жүргізген шулықтар Төле би ауылынан Мойынқұм бағытындағы Балуан Шолақ ауылына апарар бұрылыстың сол жағындағы Шу өзені жағалауында іші мен сырты ұлттық нақышта безендірілген тоғыз киіз үй тігіп, алтыбақандар орнатып, үлкен сахна әзірледі. Үш күн бұрын дайындық жұмыстарына кірісіп кеткен ұйымдастырушылар күн мен түнге, ауа райының қолайсыздығына қарамастан елордаға аттанып бара жатқан керуенді жоғары деңгейде күтіп алуға зор күш салды.

1--

Көзді ашып жұмғанша керуеннің келетін уақыты да таяп қалды. Жазиралы жазық далада күмбірлеген күйлер ойнап, әсем әуендер шырқалып, биші қыздар мың бұрала билеп жатты. Иықтарына оюлы шапан жамылған ақ сақалды қариялар мен кимешек киген әжелердің жарасымды әңгімесі, алтыбақан тебіскен бозбала мен бойжеткеннің сыңғыр қаққан жарқын күлкілері, асық атып жарысқан, тай-құлын мінгескен балалардың балғын қылықтары, жалпы барлығы көрген жанды тамсантпай қоймады.

Көптен күткен керуен де келіп жетті. Облыс орталығындағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени алаңынан бастау алған бұл керуен жол бойы облысқа қарасты үш ауданды қамтып өтіп, ат терлетіп өңірімізге келді. Жалпы он елді мекенге аялдауды жоспарлаған керуен 1300 шақырымды жүріп өтпекші. «Ұлы жібек жолы. Көне Тараздан асқақ Астанаға тарту» деген атты арқалаған керуен құрамында Жамбыл өңірінің белгілі тарихшылары, өлкетанушылары мен өнерпаздарынан құралған 150 адам, 2 автокөлік, 6 жүк көлігі, 3 шағын автобус, 5 арба, 30 түйе, 10 жылқы бар. Әлем көз тіккен ЭКСПО көрмесіне келетін қонақтарға «Ұлы Жібек жолы» бойындағы сауда, мәдениет, өркениеттің рухани орталығы болған ежелгі Тараздың тарихын таныстыру мақсатында ұйымдастырылған керуен елордада бес күн бойы Жамбыл облысының мәдени күндерін өткізетін болады.

Маңдайшасында «Шу өңірі» деген жазуы бар кіреберістен кіргеннен шулықтар керуенді шат-шадыман көңілмен, ыстық ықыласпен, зор қошеметпен және «ЭКСПО-2017» жалаушаларын желбірете күтіп алды. Керуен мүшелерінің барлығы ұлттық үлгідегі киіммен әрленіп, жылқы мен түйелерінің жамылғылары да ұлттық нақышта әспеттелген. «Шудың жұрты деген міне осы» деп қошемет білдірген жұртшылыққа қол бұлғап өткен көшті бастаушы зор тұлғалы, ақ сақалды қария  көз алдымызға тарих беттеріндегі желмаяға мінген Асан қайғыны еріксіз елестетті. Артынша арғымаққа мінгескен батырлар бейнесіндегі аттылардың бірі – жеті қазынаның ішіндегі тазы итті жетектесе, енді бірі киелі саналатын қыран құсты алып өтті. Көшті жалғаған сал-серілер мен қыз-жігіттердің жарасымды көрінісін көріп жадырасақ, күйме ішінен қол бұлғаған ақ жаулықты аналарды көргенімізде, бас изеп, ерекше құрмет көрсеттік. Ата-дәстүр қайта жаңғыртылған осындай көріністерге куә болған көрермендердің жан дүниесі рухани дамып, жаңартылғандығы даусыз. Керуенді әспеттеп қарсы алғаннан кейін дүркіреген дүбірлі думан басталып кетті.

Аудандық Мәдениет үйі ат терлетіп келген қонақтарға арнаған шашуларын ұсынды. Сазды бағдарлама барысында жерлесіміз, республика көлеміне танымал күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың күмбірлеген күйлері орындалып, асқақ Астанаға арналған әсем әндер шырқалып, қазақтың ұлттық билері тамашаланды. Сондай-ақ, ақын Базарбай Асқартегі көш керуеніне арнауын оқып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Ауқымды шараға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Нұрбапаұлы Манжуов көппен бірге концерттік бағдарламаны тамашалап, аудан әкімі Қайрат Әскербекұлы Досаевтың таныстыруымен киіз үйлерді, онда көрсетілген салт-дәстүр жоралғыларын көріп шықты. Мәдениет қызметкерлерінің ұйымдастыруымен бірінші киіз үйде ұлттық «Тұлым қою» дәстүрінің көрінісі көрсетілсе, екінші киіз үйде мәртебелі қонақтарға арналған дастархан жайылды. Сол секілді ұлттық тағамдарды дайындау, тұрмыстық қолөнер бұйымдарын жасау үлгілері де назарға ұсынылды. Киіз үйлердің бірінде ақ жаулық жамылған әжелер әндете отырып, жүн түтіп, сырмақ сырып, ши тоқып, текемет басып, құрақ құраған болса, енді бірінде кербез келіндер құрт жайып, күбі пісіп, ұлттық сусындарды дайындап жатты. Олармен жағаласа ойын қуған кішкене қыздар бүгінгі күні ескілік қатарына еніп кеткен «Бес тас» ойынын қызықтыра ойнап, қайта еске салды. Өзен жағасына жиналған қыз-жігіттер домбыраның қос ішегін шерте отырып  әуелете ән шырқағанда құлақтан кіріп бойды алған халық әндеріне құлақ құрышы қанып, жанымыз тербелді. Бір топ жігіттер жиналған ортаға бас сұққандар қазақ күресінен көрсетілген көрініске куә болып жатты. Сонымен қатар, тума талант иесі, суретші-мүсінші Қали Қораласбаевтың ағаш пен тастан қашап жасалынған төл туындылары да көпшілік назарын аудартты.

Әр дәстүрдің өзіндік тәртібі мен ырымы бар екендігі белгілі. Бұрынырақта ата-бабаларымыз жаңа туған сәби болашақта сыйлы, құрметті, үлкен азамат болсын деген ниетпен ауылдың сыйлы адамына ат қоюға қолқа салған екен. Ауылдың беделді азаматы сәбиді қолына алып, азан шақырып, ағайын туыспен бірге таңдалған есімді сәбидің құлағына үш қайтара қайталап айтатын болған. Міне, осы бір ұмыт болып бара жатқан «Сәбиге ат қою» рәсімін біздің аудан  ұлттық дәстүрді ұлықтау, қайта жаңғырту мақсатында №9 киіз үйде көпшіліктің көзінше орындады.

-Әлем көз тіккен ЭКСПО халықаралық көрмесіне Әулиеата жерінің тартуын арқалап бара жатқан керуен Ұлы жібек жолы бойымен көшіп-қонған бабаларды көз алдыма елестетті. Бүгінгі шарада құдды өткен ғасырда жүргендей күй кешудемін. Қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлері, әдет-ғұрпы, ұмыт болып бара жатқан құнды дүниелеріміз қайта жаңғыртылуда. Елбасының халық санасын рухани жаңғыртуға арнаған бастамасының жарқын көрінісі осы болса керек,-деп пікірімен бөлісті аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазақбай Байжұманұлы.

Еңселі елордаға бет алған керуен шулықтардың қонақжайлылығына риза болып, ыстық ықыласына бөленіп, арнайы жайылған үлкен дастарханнан дәм ауыз тигеннен кейін, Мойынқұм ауданына қарай жол тартып кетті.

Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Суреттерде: керуен шарасы барысынан көріністер.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75