Егістікке орақ түсті, қарқын қалай?

_IJL0884
19 шілде 2017

Егістікке орақ түсті, қарқын қалай?

Егістікке орақ түсті, қарқын қалай?

Адамзат әлі де табиғатқа тәуелді болып тұрғанда, егіншіліктің соңғы нәтижесін күнілгері болжап білу мүмкін емес. Шулық диқаншы қауымның да көктемде егіс танаптарына тұқым шашқан кезде, көкейлерінде «бітік егін өспейді» деген күдік жоқ еді. Себебі, өткен күз жауынды, қыс қарлы болды. Егіс сепкен кезде де жер өте ылғалды болды. Тіпті, кей жерлерде ауыр техникалар егіс басында тығылып, ылғалды жер біршама қиындықтар тудырып, жұмысты кешеуілдетті.

Одан кейін егіс алқабындағы астық нағыз дән салар тұста, яғни, жаздың ортасында жерді құрғақшылық жайлап, көктен ылғал тамбай, күннің көзі қатты ысып кетті. Көктемгі мол жауынмен қаулай көтерілген көк балауса егінді аптап ыстық соғып, бой жаздырмай тастады. Астық аласа күйінде бас жарып, масақтағы дәннің мөлшері кеміді. Осындайда, «Егін баққа емес, бапқа бітеді» деген сөз еріксіз еске түсіп, өзінің өміршеңдігін тағы бір мәрте көрсетеді. Олай дейтініміз, «астық шаштым» деп, сапаға емес, санға бас қатырған шаруалар аз өнім алып жатқанда, агротехникалық талаптарды сақтаған озық шаруашылықтар жылдың қолайсыз болғанына қарамастан тәуір өнімге қол жеткізуде. Нәтижесінде, шаруалар қолайсыз болған жылдың өзінде құр қол қалмай, өзіне қажетті астық пен мал үшін керекті жемді дайындап алуға зор қауқар танытып отыр. Егіс алқабындағы бірқатар шаруашылықтардың зор ынтасына куә болғанда біздің бұған көзіміз жетті.

Ақ егісті егіп, одан мол өнім жинап отырған осындай шаруашылықтардың бірі – –  Қонаев ауылындағы «Нұр-2000» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Шаруашылық жетекшісі Жұмахан Оспановтың айтуынша, олар 500 гектар жерге күздік бидай және 200 гектарға жаздық арпа егіпті. Аталмыш серіктестік егін шаруашылығынан бөлек, мал шаруашылығын да мықтап қолға алған.

-2015 жылы «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтынан» күздік бидайдың «Стекловидная–24», Р-2 тұқымынан бес тонна әкеліп, өткен жылы одан 50 тонна супер элита өнімін алдық. Былтыр күзде сол өнімді 100 гектар жерге егіп, міне, биыл күздік бидайдың 250 тоннаға жуық супер элита өнімін алғалы отырмыз. Оның 150 тоннасын қырманда қалдырып, қалғанын аудан шаруаларына сату да жоспарда бар. Жалпы, біз егінмен қатар, мал шаруашылығын және мал азығын дайындауды да қатар алып келеміз. Жазда егін шаруашылығымен айналыссақ, қыс айларында 400-ге тарта ірі қараның қамына кірісеміз. Сол арқылы бірнеше адамды жыл бойына жұмыспен қамтудамыз. Сондай-ақ, мал азығын дайындау үшін де 120 гектар жерге көпжылдық шөпті ектік,-дейді серіктестік директоры Жұмахан Зәукетайұлы.

Иә, шіліңгір шілденің басынан бастап ауданның барлық жерінде шаруалар ақ егінді оруға бел буа, білек сыбана кірісіп кетті. Аудан шаруаларының алдында тұрған ендігі мақсат – жер ананың ырысын ысырапсыз жинап алу болып тұр. Аудан әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбековтың айтуына қарағанда, аудан шаруалары егін орағына тас түйін дайын. «Шілде айының 9-нан бастап, ауданда егін орағы басталды. Оған қажетті техникалар да сақадай сай тұр. Жалпы, аудан бойынша 90 комбайн болса, қазіргі кезде оның 88-і тұрақты жұмыс істеуде. Егістіктен жиналған өнімді сақтауға арналған 21 қырманның барлығы да астық қабылдауға дайын. Күздік бидай мен жаздық арпаның бүгінгі күнгі орташа өнімділігі әр гектарға 20 центнерден болып отыр»-дейді ол.

Жалпы, аудан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабына орналасуы 101762 гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 10123 гектарға ұлғайған. Науқанның соңына дейін 29205 гектар жердегі астық ораққа түседі деп жоспарланып отыр. Оның 13781 гектары күздік бидай болса, 15424 гектары жаздық арпа. «Еңбек етпесең елге өкпелеме, егін екпесең жерге өкпелеме» дегендей, бүгінде ақ егістің арқасында несібесін асырып, дәулетін тасытып отырған шаруашылықтар жетерлік. Қазір диқандар үшін ауа райы қолайлы болып тұр, жаңбыр жоқ, күн ашық. Енді олар қырдағы бұйырған астықты ауа райының қолайлы шағын пайдаланып, тез арада жинап алуды көздейді. Бұған жергілікті жерде барлық жағдай жасалған, қол күші бар, техника да тоқтаусыз іске қосылған. Демек, науқанның табысты аяқталуы тек еңбек адамдарының өздеріне байланысты.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН,

«Ақ жол» газетінің меншікті тілшісі.

Суретте: комбайншы Қанат Сәбеков науқанды күндері

 білек сыбана еңбек етуде.

Суреттер Петр Норкиндікі.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75