Тіл – бірлікті бекітеді

10 қазан 2018

Тіл – бірлікті бекітеді

Бейсенбі күні аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы Қайрат Досаев ауданымызда тұрып жатқан, мемлекеттік тілді жақсы меңгерген түрлі ұлт өкілдерін қабылдады.

Қонақтармен жылы шыраймен амандасып алған соң, мемлекеттік тілді насихаттаудағы үлестері үшін оларға алғыс білдірді.

-Сіздер қазақ тілін меңгере отырып, оның өзге ұлт өкілдері арасында қанатын кеңге жаюына үлес қосып отырсыздар. Бұл сіздердің отансүйгіштіктеріңізді және қазақ халқына деген құрметтеріңіз бен мемлекеттік саясатты дұрыс түсінгендіктеріңізді аңғартады,-деп атап өтті Қайрат Әскербекұлы.

Өз кезегінде қабылдауға шақырылған түрік, әзірбайжан, күрді, орыс, татар, ұйғыр, шешен ұлты өкілдерінің әрқайсысы сөз сөйлеп, өздері туралы қазақ тілінде қысқаша айтып өтті.

-Басымызға күн туған сәтте бізді өз бауырындай қабылдап, қамқорлық көрсеткен бауырлас қазақ халқының тілін қалайша меңгермеске? Біздің барлық өміріміз Қазақстанмен тікелей байланысты. Сондықтан, ол менің де Отаным болып табылады,-деді Жаңа жол ауылының тұрғыны Байрам Халилов.

-Мен Балуан Шолақ ауылындағы қазақ мектебін оқып, тәмамдадым. Қазақтардың ортасында өсіп-өндім. Бала кезімде мен әрқашан өзімді қазақпын деп санадым. Шешен ұлтының өкілі екенімді тек есейе келе білдім,-деген  Жанетта Дакаева, – Аллаға тәуба, тыныштық пен бейбітшілік орнаған мемлекетімізде барлық адамдар бір-біріне сыйластықпен қарайды. Қазақстанда мекен ететін барлық тұрғындар мемлекеттік тілді сөзсіз білуі керек. Өйткені, біз біртұтас халықпыз,-деп сөзін аяқтады.

Кездесу соңында аудан басшысы қонақтарға Алғыс хаттар, гүл шоқтары мен шағын сыйлықтар табыстап, естелік суретке түсті.

 

(Өз тілшіміз).

Суретті түсірген П.Норкин.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75