Табиғатты қорғау – адамдық парыз

IMG_6591
6 маусым 2018

Табиғатты қорғау – адамдық парыз

БҰҰ-ның бастамасымен қоршаған ортаның күрделі мәселелеріне әлемдік қауымдастықтың назарын аударуы үшін 5-маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні ретінде жыл сайын атап өтіледі. Осыған орай, өткен сейсенбіде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында өңіріміздегі «Эко табиғат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Е.Жиенбековтың ұйымдастыруымен жиын өтті (суретте). Оған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Әліпбаев, аудандық мәслихат хатшысы Е.Өмірәлиев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Е.Досымбаев, Төле би ауылдық округі әкімшілігінің мамандары, аудандық ардагерлер ұйымы кеңесінің, аудандағы үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, мемлекеттік мекемелердің өкілдері, жастар қауымы қатысты.

Жиынды ашып, оның мақсатымен таныстырып өткен Е.Жиенбеков бірінші кезекте Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнін атап өтудің алғышарттары мен маңыздылығы, бұл жөнінде шешім шығаруға қатысқан мемлекеттердің рөлі, бүгінгі экологиялық ахуал, әлемдік қауымдастықты алаңдатып отырған экологиялық мәселелер, алдағы уақыттағы сарапшылардың болжамы жайлы мазмұнды баяндама жасады.

-Бұл айтулы датаны белгілеуге 1971 жылы БҰҰ-ның Бас хатшысына әлемнің 23 елінен 220 ғылым мен мәдениет қайраткерлері қол қойған арнайы мәлімдеме негіз болған. Олар қоршаған ортаның ластануы кесірінен адамзаттың басына төніп тұрған қауіп-қатерді ескерткен. Адамзаттың ең қымбат байлығы табиғат болса да, айналаны ластауға келгенде адам баласы алдына жан салмайды. Сондықтан, бұл мерекені атап өту әр пенденің бойында табиғат алдындағы жауапкершілікті оятуға бағытталған.  Жерде шекара бар, ауада шекара жоқ. Сондықтан, қоршаған ортаны ластамау қажет,-деп атап өткен Е.Жиенбеков көпшілікті табиғатқа жанашырлықпен қарауға, айналасындағы жандарға табиғатты қорғауды насихаттап жүруге шақырды.

Сондай-ақ, ол өз сөзінде Астананы Алатаудан Арқаға көшіріп, ол жерді ми балшықтан жасыл желекке айналдырған Елбасының бастамасын өзгелерге үлгі етті.

Жиын барысында қатысушылар өз ойларын ортаға салып, өзара пікір алмасты. Мысалы, Ә.Орманов «Эко табиғат» ҚБ еккен ағаштардың бүгінгі таңда жайқалып тұруы күтімнің нәтижесі екенін айтса, Е.Досымбаев табиғи апатты жүгендеуге ешкімнің шамасы келмейтінін, сол себептен тым болмаса қолдан келетін ағаш егу, айналаны гүлдендіру жұмыстарын әр адам қолға алу керектігін жеткізді. Ал, Е.Өмірәлиев Шоқпар ауылына дейінгі жайқалып тұрған ағаш бұрынғы ата-бабаларымыздың еккен ағаштары екенін, қазіргі таңда жыл сайын тал отырғызылып жатса да оң нәтиже байқалмайтынын, бұл күтім мен қарапайым адамдардың шынайы ниетінің жоқтығының бір көрінісі екендігін айтты.

-Бүгінгі таңда қалалық саябақ ішіндегі тал да уақытылы суғарылмайды. Жауапты адамдардың немқұрайдылығы салдарынан қазір ол ағаштар қурап жатыр. Ал, Бірлікүстем ауылында керісінше әр отбасы арық қазып, үйлерінің маңына тал, гүл егіп жайнатып қойған. Өзге ауылдардың тұрғындары да бұдан үлгі алуы қажет. Барлығы мәдениеттіліктен басталады. Мысалы, көршілес  Өзбекстан елінің азаматтары күнкөріс қамымен сыртта жүрсе де, олардың табиғатқа деген жанашырлықтары ерекше. Біз қара ағашты өсіре алмай отырғанда, олар қала сыртындағы алқапқа дренаж арқылы туя өсіруде. Сондықтан, әр адам талды екпей тұрып, бірінші кезекте оны күтіп-баптауды санаға жеткізгені және мұндай мәдениетті әркім өзінен бастағаны жөн деп білемін,-деп өз ойын білдірді Е.Өмірәлиев.

Қоршаған орта мәселесіне қатысты өзге де ой-пікірлер мен кеңестер айтылған жиын соңында табиғатты аялау – адамдық парыз екені айтылды.

Динара БАТЫРХАИРОВА.

Сурет автордікі.

Соңғы жаңалықтар

IMG_7018 ҚОҒАМ
12.09.2018

Өзекті мәселелерді бақылауға алды БЕЙСЕНБІ КҮНІ ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ТАПСЫРМАСЫ БОЙЫНША, АРНАЙЫ БЕКІТІЛГЕН КЕСТЕГЕ САЙ АУДАНЫМЫЗҒА ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БАС ИНСПЕКТОРЫ ТЕРЛІКБАЕВ ӘЛІБЕК МАМЫТЖАНҰЛЫ КЕЛІП, ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ (СУРЕТТЕ). «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ МӘЖІЛІС ЗАЛЫНДА ӨТКЕН ЖИЫНҒА АҒА БУЫН ӨКІЛДЕРІНЕН ҚҰРАЛҒАН ТӨЛЕ БИ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ҚАТЫСТЫ. Төле би ауылдық округінің әкімі Е.Даберов жиынды ашып, облыстан келген қонақты таныстырып, көпшілікті жиынға белсене атсалысуға шақырды. Мұнан кейін сөз кезегін алған Ә.Терлікбаев: -Бүгінгі кездесудің мақсаты – ауылдың тыныс-тіршілігін назарға алып, тұрғындардың мемлекеттік мекемелер басшыларының халықпен байланысы, мекемелердің қызмет сапасы жөніндегі ойларын, оларға қатысты сын-пікірлерін тыңдап, елді мекендегі өзекті мәселелерді жоғарғы билік өкілдеріне жеткізіп, оңынан шешілуіне ықпал ету,-деп атап өтті. Сұрақ-жауап кезеңінде алғашқы болып сөз алған аудандық ардагерлер ұйымы кеңесінің мүшесі М.Шалғынбаев бірнеше уақыттан бері нақты шешімі табылмай келе жатқан көгілдір отынның құнына байланысты ойын ортаға салды. Сондай-ақ, осы сұрақ төңірегінде М.Уақтегі, Н.Бердиев, Ә.Орманов, И.Алиев сынды аға буын өкілдері де пікірлерімен бөлісті. Мысалы, М.Шалғынбай жоғарыдағы билік органдарына 1200-ден астам адамның қолы қойылған хат жіберілсе де, әлі күнге дейін ешбір оң нәтиже жоқтығын айтса, Н.Бердиев өзге аудандарда халықтың көңілінен шықпаған мердігер ұйым ол жерде жұмыс жасамайтындығын, ал бізде «Париев» ЖШС әлі де өз жұмысын жалғастырып отырғандығына ренішін жеткізді. Оның айтуынша, ауыл ішіндегі қалтасы қалың азаматтар көгілдір отынға қосылып, игілігін көруде, ал бір зейнетақыға қарап отырған зейнеткелер мен қаржылық мұршасы жетпейтін өзге де тұрғындар тек арман жетегінде келеді. Сондай-ақ, И.Алиев көгілдір отынға қосылу бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілгендерге жеңілдік бар-жоғын сұраса, Ә.Орманов осыдан бірнеше жыл бұрын өз көшесіне орнатылған су құбырларының бірнеше жерден жарылып, әлі күнге дейін су атқылап тұратындықтан, су құбырларын түбегейлі жаңарту, «Аша» тұрғын алқабындағы көше жолына асфальт төсеу қажеттігін, өйткені, кешкі уақытта көшенің шаңынан таза ауамен тыныстауға мүмкіндік жоғын жеткізді. Сондай-ақ, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Е.Досымбаев Төле би ауылындағы жер асты суының көтерілу мәселесін алға тартып, оның алдын алмаса, жерді қамыс басып, шамамен бес жылдан соң тұрғындар 1000 гектар жерден айырылып қалатындығын айтты. Осы және өзге де ұсыныс-пікірлерді мұқият тыңдаған Әлібек Мамытжанұлы жер асты суының көтерілуі шын мәнінде мәнді мәселе екендігін айтып, алдағы уақытта облыс орталығында өтетін үлкен жиынға Е.Досымбаевты шақырып, мәселенің шешімін табуды сол жерде бірге қарастыратындығын жеткізді. Көше жолын асфальттау бойынша округ әкімі Е.Даберов қанағаттанарлық жауап берсе, Әлібек Мамытжанұлы көгілдір отынға қосылу құнын арзандату яғни, көпшіліктің аузынан түспей жүрген 82 756 теңге жөнінде жан-жақты зерделеп, жақын арада жауабын айтатындығын мәлімдеді. Динара БАТЫРХАИРОВА. Суретті түсірген автор.

Бейсенбі күні облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, арнайы бекітілге...

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75