Желбірей бер, Жеңіс жалауы!

Толеби
15 мамыр 2017

Желбірей бер, Жеңіс жалауы!

Желбірей бер, Жеңіс жалауы!

Талай жанды бауырынан, ананы баласынан, баланы әкесінен айырып, зар жылатқан, 1418 күн мен түнге ұласқан зұлмат жылдардың аяқталып, Ұлы жеңістің жалауы желбіреп, бейбіт күннің орнағанына 72 жыл толды. Ұлы жеңіс ұрандалатын мамыражай мамырдың 9-шы жұлдызы  – адамзат тарихы мен санасындағы маңызды дата саналады. Себебі, бұл сұрапыл соғыстың қанды беттерінің жабылғандығы және жау жағадан алғанда жан аямай шайқасқан жауынгерлердің есімі мен ерлігі еске алынып, қуаныш пен қайғының көз жасы қатар ағатын айрықша күн.

4

Дәл осы күні, яғни үстіміздегі аптаның сейсенбісінде қарасы қалың шулықтар соғыс жылдарында қаза болған жауынгерлерге тағзым етіп, бүгінгі күні көзі тірі ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетуге арналған салтанатты митингіге жиналды. Алдымен Шу қаласындағы Кеңес Одағының батырлары, жерлестеріміз Саттар Естемесов пен Сәду Шәкіровтің ескерткіштеріне және «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» мемориалдық кешеніне гүл шоқтары қойылып, олардың өшпес ерліктері бір минөттік үнсіздікпен еске алынды.

Аудан орталығында жалғасын тапқан салтанатты митингі мәңгілік алау алдындағы соғыс құрбандарын еске алуға арналған ескерткішке аудан басшысы бастаған аудан активтерінің гүл себеттерін қоюдан басталды. Артынша өңірімізден аттанған 11 мың майдангердің есімі жазылған мемориалдық кешен алдында ұрпақтары қолдарына бірі атасының, бірі әкесінің, енді бірі бауырының естелік суреті мен гүл шоқтарын ұстап, олардың ерліктерін бір минөт үнсіз тұрып еске алды.

Жауынгерлердің рухына тағзым етілгеннен кейін, аудан әкімі Қ.Ә.Досаев соғыс ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін, жалпы аудан тұрғындарын өшпес ерлік пен қаһармандықтың ұлық мерекесімен құттықтады:

-Ұлы жеңіс аға ұрпақтардың ерліктерін мәңгі есте сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Бұл жеңіс майдангерлердің және тыл еңбеккерлерінің қажымас қайраты мен қайсар рухының жеңісі. Сол жылдардан бері тарихтың жаңа беттері ашылды. Әйтсе де,  сұм соғыс салған өшпес із әлі күнге дейін жүрегімізді сыздатып, жанымызды жабырқатады. Егемен ел барда ерлер есімі ешқашан өшпейді. Құрметті ардегерлер, тыл еңбеккерлері, сіздерге өскелең ұрпақты береке-бірлікке, тату тірлікке тәрбиелеп, үлгілі өнеге көрсетіп отырғандарыңызға шексіз алғыс білдіреміз.

Аудан басшысының ізгі тілегінен кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазақбай Байжұманұлы да ерлердің ерлігін еске алып, алғысын білдірді. Сонымен қатар, отставкадағы подполковник Петр Ситоренко мен кейінгі ұрпақ атынан сөйлеген М.Мақатаев атындағы Тірек мектебінің (РО) жоғарғы сынып оқушысы Ескендір Афизов та сөз сөйледі.

Митинг аяқтала салысымен салтанатты шаралар М.Жүнісәлиев атындағы саябақта аудан өнерпаздары ұсынған мерекелік сазды бағдарламаға ұласты. Саябақтың жаздық сахнасында тақырыпқа сай плакат ілініп, өнерпаздар әскери үлгідегі киімдермен жеңіс күніне арналған әсерлі әндерді шырқап, мерекенің көркін қыздыра түсті.

-Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Бұл мәңгі өшпес тарихи оқиға. Фашизмнің зор соққысына төтеп беріп, қасық қандары қалғанша жаумен арпалысқан майдангерлердің ерен еңбегі ғасырлар бойы ұмытылмақ емес. Сондықтан өскелең ұрпақ әруақыт бейбітшілік жалауын желбірете береді деп сенемін,-деп пікірімен бөлісті Шу ауданының Құрметті азаматы Сәруәрхан Зәуірбеков.

Аллеялар мен саябақтар ішінде сыңғырлаған балалардың шынайы күлкісі, қол ұстасқан қыз-жігіттердің жарасымды жұбы, атасы мен немересінің жарқын бейнесі жалпы барлығы бейбіт өмірді сипаттаған керемет көріністі көрсетіп тұрды.

Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75