Тағлымы мол әсерлі кеш

14 ақпан 2018

Тағлымы мол әсерлі кеш

 

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың былтырғы жылы қалың бұқараға жол тартқан, ел дамуына түрткі болар басым бағыттарды айқындап берген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы бойынша «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жүзеге асып, қоғамның қызу талқысына түсіп, қатаң таразылау арқылы 102 жаңа есім жария болған еді. «Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас-қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Әрине, жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымына ешбір күмән жоқ. Дегенмен, осы қыруар  істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр…»-делінген Көшбасшымыздың дәйектемесіне дәлел бола алған халық қалаулыларын, айтулы азаматтарды, яғни «100 жаңа есім» тізімінен ойып тұрып орын алған облысымыздың 8 азаматын жас ұрпаққа үлгі етіп, таныстыру мақсатында Шу қаласы, №40 шағын орталықты орта мектебінде тағлымы мол кеш өтті (суретте). Оған аудандық «Жастар ресурстық орталығынан», ««Мәңгілік ел» тәрбие және білім беру орталығынан» шақырылған арнайы өкілдер, сондай-ақ  ауданымыздың мектептерінен 400-ге жуық озат оқушылар қатысты.

Келелі де келісті кешті аталмыш мектептің директоры Гүлбарам Тұрлыбек жүргізді. Ол «100 жаңа есімге» енген облысымыздың мақтаныштары, әр саланың майталмандары Зульфия Габидуллина, Ерлан Бақтыгерей, Марат Саршаев, Сембек Сейдәзімов, Ақжүрек Таңатаров, Әбдібек Пошкаев, Ғалым Арыстанбаев, Бауыржан Исламхан есімді отандастарымыздың өміріне жеке-жеке тоқталып, жүйелі түрде таныстырып өтті. «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер» деген қағиданы берік ұстанған Гүлбарам Қайшыбекқызы әрбірінің атын атағанда, жетістіктерін жіктегенде ерекше екпінмен, зор үнмен жеткізіп отырды.

Ерекше атап өтерлігі, айтулы шарада «Skype» желісі арқылы Ерлан Бақтыгерей, Ақжүрек Таңатаровтармен, ұялы телефон арқылы Марат Саршаевпен оқушылар арасында тікелей байланыс орнатылып, пікір алмасу орын алды. Айдын Сағындық есімді оқушы дирижер әрі музыкант Ерлан Бақтыгерей секілді талантымен тәнті ететін азамат болғысы келетінін жеткізіп, оған Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін домбырамен төгілте шертіп берді. Айтулы азаматтар жетістікке жету жолының негізі білім мен еңбекте екенін бірнеше мәрте қайталап, оқушылардың оқуға деген ынтасын арттыруға сеп болды.

Айғаным АСҚАРБЕК.

Соңғы жаңалықтар

IMG_7018 ҚОҒАМ
12.09.2018

Өзекті мәселелерді бақылауға алды БЕЙСЕНБІ КҮНІ ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ТАПСЫРМАСЫ БОЙЫНША, АРНАЙЫ БЕКІТІЛГЕН КЕСТЕГЕ САЙ АУДАНЫМЫЗҒА ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БАС ИНСПЕКТОРЫ ТЕРЛІКБАЕВ ӘЛІБЕК МАМЫТЖАНҰЛЫ КЕЛІП, ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ (СУРЕТТЕ). «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ МӘЖІЛІС ЗАЛЫНДА ӨТКЕН ЖИЫНҒА АҒА БУЫН ӨКІЛДЕРІНЕН ҚҰРАЛҒАН ТӨЛЕ БИ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ҚАТЫСТЫ. Төле би ауылдық округінің әкімі Е.Даберов жиынды ашып, облыстан келген қонақты таныстырып, көпшілікті жиынға белсене атсалысуға шақырды. Мұнан кейін сөз кезегін алған Ә.Терлікбаев: -Бүгінгі кездесудің мақсаты – ауылдың тыныс-тіршілігін назарға алып, тұрғындардың мемлекеттік мекемелер басшыларының халықпен байланысы, мекемелердің қызмет сапасы жөніндегі ойларын, оларға қатысты сын-пікірлерін тыңдап, елді мекендегі өзекті мәселелерді жоғарғы билік өкілдеріне жеткізіп, оңынан шешілуіне ықпал ету,-деп атап өтті. Сұрақ-жауап кезеңінде алғашқы болып сөз алған аудандық ардагерлер ұйымы кеңесінің мүшесі М.Шалғынбаев бірнеше уақыттан бері нақты шешімі табылмай келе жатқан көгілдір отынның құнына байланысты ойын ортаға салды. Сондай-ақ, осы сұрақ төңірегінде М.Уақтегі, Н.Бердиев, Ә.Орманов, И.Алиев сынды аға буын өкілдері де пікірлерімен бөлісті. Мысалы, М.Шалғынбай жоғарыдағы билік органдарына 1200-ден астам адамның қолы қойылған хат жіберілсе де, әлі күнге дейін ешбір оң нәтиже жоқтығын айтса, Н.Бердиев өзге аудандарда халықтың көңілінен шықпаған мердігер ұйым ол жерде жұмыс жасамайтындығын, ал бізде «Париев» ЖШС әлі де өз жұмысын жалғастырып отырғандығына ренішін жеткізді. Оның айтуынша, ауыл ішіндегі қалтасы қалың азаматтар көгілдір отынға қосылып, игілігін көруде, ал бір зейнетақыға қарап отырған зейнеткелер мен қаржылық мұршасы жетпейтін өзге де тұрғындар тек арман жетегінде келеді. Сондай-ақ, И.Алиев көгілдір отынға қосылу бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілгендерге жеңілдік бар-жоғын сұраса, Ә.Орманов осыдан бірнеше жыл бұрын өз көшесіне орнатылған су құбырларының бірнеше жерден жарылып, әлі күнге дейін су атқылап тұратындықтан, су құбырларын түбегейлі жаңарту, «Аша» тұрғын алқабындағы көше жолына асфальт төсеу қажеттігін, өйткені, кешкі уақытта көшенің шаңынан таза ауамен тыныстауға мүмкіндік жоғын жеткізді. Сондай-ақ, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Е.Досымбаев Төле би ауылындағы жер асты суының көтерілу мәселесін алға тартып, оның алдын алмаса, жерді қамыс басып, шамамен бес жылдан соң тұрғындар 1000 гектар жерден айырылып қалатындығын айтты. Осы және өзге де ұсыныс-пікірлерді мұқият тыңдаған Әлібек Мамытжанұлы жер асты суының көтерілуі шын мәнінде мәнді мәселе екендігін айтып, алдағы уақытта облыс орталығында өтетін үлкен жиынға Е.Досымбаевты шақырып, мәселенің шешімін табуды сол жерде бірге қарастыратындығын жеткізді. Көше жолын асфальттау бойынша округ әкімі Е.Даберов қанағаттанарлық жауап берсе, Әлібек Мамытжанұлы көгілдір отынға қосылу құнын арзандату яғни, көпшіліктің аузынан түспей жүрген 82 756 теңге жөнінде жан-жақты зерделеп, жақын арада жауабын айтатындығын мәлімдеді. Динара БАТЫРХАИРОВА. Суретті түсірген автор.

Бейсенбі күні облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, арнайы бекітілге...

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75