Аудан әкімі Қ.Досаевтың «9 – мамыр Жеңіс күні» мерекесімен құттықтауы

Аудан әкімі Қ.Досаевтың «9 – мамыр Жеңіс күні» мерекесімен құттықтауы

MAI_6298

Ардақты ардагерлер мен тыл еңбеккерлері!

Құрметті аудан тұрғындары!

 

Сіздерді бүкіл адамзат қауымына аса қымбат мереке
9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Ұлы Жеңіс – аға ұрпақтың ерлігін мәңгілік ел есінде сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Баршамыз үшін бұл күннің орны да, орайы да бөлек.

Сіздер сұрапыл соғыстың соқпағынан өтіп, Отан деп от пен суға түсіп, кең байтақ жерді қорғадыңыздар. Ерліктің ерен үлгісін танытып, бүгінгі бейбіт күн үшін жасаған өлшеусіз ерліктеріңіз мәңгі ұмытылмайды. Бұл Жеңіс – бүкіл соғысқа қатысушылар және тыл еңбеккерлерінің қажымас қайраты мен қайсар рухының жеңісі.

Міне, содан бері талай ұрпақ жаңғырып, заман жаңарды. Әйтсе де, сол бір сұм соғыс салған өшпес із әлі күнге дейін жүрегімізді сыздатады, жанымызды жабырқатады… Қасірет пен қайғысы ел қабырғасын қайыстырып, еңсесін езгілеген бұл соғыс жайлы айтып та, жазып та тауыса алмаспыз. Егемен елі барда ерлер есімі ешқашанда өшпейді.

Қай кезде де Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ардагерлердің мұң-мұқтажын назардан тыс қалдырған емес. Біздің ауданымызда да ардагерлердің есімдері мен ерліктерін ел жадында қалдыру мақсатында көптеген істер атқарылуда. Атап айтқанда, 2015 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай Отан соғысының оқ бораған даласында ерлігі мен батылдығын көрсеткен, Шу елінің 11 мыңға жуық азаматының есімдері жазылған алдарыңыздағы мемориалдық кешен бой көтерді.

Бүгін осы ардагерлердің ұрпақтары аталарын еске алып, тағзым етуге келіп тұр.

Отты жылдары жерлестеріміз Саттар Естемесов пен Сәду Шәкіров Кеңес Одағының Батыры атанып, Михаил Перепелов жауынгерлік «Даңқ» орденінің толық иегері болды. Ел басына күн туған сұрапыл жылдары Отан үшін отқа түсіп, кеуделерін оққа тосқан отандастарымыздың есімдері мен ерліктері  ешқашан ұмытылмайды. Біз оларды әрдайым ардақтап, мақтан етеміз.

Тарихы тамырлас, тағдыры бауырлас көпұлтты еліміздегі тыныштық пен түсіністіктің түбірі де осы бір атаулы күннен бастау алса керек. Олай болса, бұл күн барша отандастарымыз үшін аса қастерлі мерекеге айналған салтанатты той.

«Отан үшін күрес, елге тиген үлес» дейді дана халқымыз.    Отанға деген махаббат, жеңіске деген құштарлық пен қуатты рух, достық пен ынтымақ – Ұлы Жеңістің негізі болды.

 

Құрметті ардагерлер, тыл еңбеккерлері!

 

Бүгінгі өскелең ұрпақты береке-бірлікке, тату-тәтті тірлікке тәрбиелеу ісіне белсенді ат салысып ортамызда жүре беріңіздер. Сіздер жасаған ерлік ешқашан өшпейді. Ол ұрпақтар есінде мәңгі сақталады.

 

Қымбатты ардагерлер!

Құрметті аудан тұрғындары!

 

Осынау, Ұлы жеңіс күні – Сіздерге зор денсаулық, балаларыңыз бен немерелеріңізге жарқын болашақ, еліміз бен жерімізге бейбіт өмір тілеймін.

 

Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75