Беделімізді биіктетті, рухымызды көтерді

ЭКСПО корме
15 Сентябрь 2017

Беделімізді биіктетті, рухымызды көтерді

Тоқсан үш күнге созылған «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі жексенбі күні өз мәресіне жетті. Өткенге көз жүгіртсек, 2011 жылы 10 маусымда Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) Бас хатшысы Винсенте Гонсалес Лоссерталеске ресми түрде Қазақстан Республикасының өтінімі тапсырылды. Сол сәттен бастап біздің республикамыз Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу құқығы үшін сайлау қарсаңы науқанына ресми түрде кірісті.

2012 жылғы 22 қарашада ХКБ-ге мүше 161 елдің өкілдерінің жасырын дауыс беруі барысында Астана жеңіске жетіп, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетін орын ретінде таңдалды. Астананың өтінімін 103 ел қолдады. Міне, осылайша жеңіске жеткен мемлекетіміз «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін Астана қаласында осыдан үш ай бұрын, маусымның 10-ы күні бастаған болатын. «Болашақ энергиясы» тақырыбына арналған көрмеге өткен үш айда ресми ақпарат бойынша 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысып, жалпы саны 4 млн-ға жуық адам тамашалаған.

Көрменің алғашқы күндері келушілер саны 20-30 мыңның шамасында болса, соңғы тәуліктерде бұл көрсеткіш бес есеге көбейіп, жүз мыңнан асып жығылды. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің жабылу рәсіміне қатысты. Елбасы жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Астана мен еліміздің барлық өңірлері күш жұмылдырғанының арқасында «ЭКСПО-2017» көрмесінің табысты өткенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев көрменің Қазақстан экономикасын дамытуға мультипликативтік тұрғыдан оң әсер еткенін ерекше атап өтті.

-Шағын және орта бизнестегі 1400-ден астам кәсіпорын құны 640 миллиард теңге болатын тауарларды жеткізуге және қызмет көрсетуге тапсырыс алды. Туристік сектор жандана түсті. Туроператорлардың қызметіне деген сұраныс 1,8 есе артты. Астанада кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 пайыздан аса көбейді. Елорда бюджетіне қызмет көрсету саласынан түскен салық 1,2 есеге өсті. Қазақстанның астанасы бүкіл әлемнің назарын өзіне аударды, — деді Елбасы.

Қазақстан Президенті еліміздің Еуразия өңіріндегі қауіпсіз әрі қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретіндегі оң имиджін нығайта түскенін атап өтті.

Мемлекет басшысы «Болашақтың энергиясы» аясында озық идеялар мен технологиялардың дамуына түрткі болған және әлемде ғылымның өзара ықпалдастығын нығайтуға септігін тигізген көрменің бірқатар жағымды аспектілеріне тоқталды.

-ЭКСПО бүкіл әлемнің интеллектуалдық және технологиялық әлеуетін көрсетуге зор мүмкіндік берді. Мұнда жаңартылатын энергия көздері саласындағы 140-қа жуық ғылыми жаңалық көпшілік назарына ұсынылды, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті ЭКСПО аясында қазіргі заманғы энергетикалық саясаттың басымдықтары жөнінде жаһандық диалог ұйымдастырылғанын және энергетика мен экология саласындағы заманауи проблемаларды шешуге арналған ұсынымдар әзірленгенін атап өтті.

-ЭКСПО көрмесін өткізу арқылы біздің ел «жасыл» технологияларды дамыту идеясына берік екенін тағы да дәлелдей түсті. Жалпы, біздің көрме «таза энергетиканы» жаһандық деңгейде дамытуға айрықша үлес қосатынына сенемін, — деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО құрылымын көрмеден кейін пайдалану жоспары жөнінде ой бөлісті.

-«Нұр Әлем» және көрме тақырыбы көрініс тапқан басқа да бірқатар павильондар «ЭКСПО мұрасы» ретінде сақталды. Көрменің аяқталуы бірнеше ауқымды жаңа жобаларды бастауға мүмкіндік береді. Ең алдымен, мұнда «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналасады. Ол қаржы хабына, инвестиция тартатын орталыққа айналып, халықаралық қаржы жүйесінде лайықты орынға ие болуға тиіс,-деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «жасыл» технологиялар мен инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталықты және IT-стартаптар халықаралық технопаркін құруға арналған жобаларға тоқталды.

«ЭКСПО» көрме кешені толығымен инновациялық және орнықты дамудың мақсаттарына одан әрі қызмет ететін болады. Баршаңызды жаңа орталықтардың жұмысына белсенді атсалысуға шақырамын,-деді Н.Назарбаев.

Соңында Қазақстан Президенті көрмені өткізуге үлес қосқандардың бәріне алғыс айтып, келген қонақтарға ерекше ризашылығын білдірді.

-Осымен халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесін жабық деп жариялаймын! Оның идеясының толығымен жүзеге асуына қолдау көрсеткен Қазақстан халқына ризашылығымды білдіремін. Көрменің сәтті өтуіне мыңдаған адам атсалысып, еңбек етті. Баршаңызға Қазақ жеріндегі айтулы шараға белсене қатысқандарыңыз үшін алғыс айтамын,-деді Мемлекет басшысы.

Дайындаған

Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.

 (деректер мен суреттер ғаламтор желісінен алынған).

Последние новости

Телефон приемной

8 (72638) 3 10 75