Серпін сыйлаған сапар

ардагерлер экспода
15 Сентябрь 2017

Серпін сыйлаған сапар

Аталы сөздің өрнегін кестелей білген қазақ қарттарын сыйлаған халық… Міне, қазақтың қанына сіңген қасиет — үлкенді сыйлау, үлкенге құрмет ата-баба дәстүрінің бұлжымас заңдылығы іспеттес. Бұл ізгіліктің нышаны біздің ауданымызда да өзінше жалғасып келеді. Соның бір дәлелі, игі жақсылардың ықпалымен Шу қаласынан 8 қария, ауданнан 17 қария жасақталып 26 шілде күні жүрдек пойызға мініп Арқа төсіндегі арман қаланы бетке алып, сайдың тасындай қатар түзеп, күллі әлем көз тіккен Экспо көрмесін біз де тамашалап келген болатынбыз.

Сапарға шығардың алдында Жамбыл жол бөлімшесі бастығының Шу аумағы бойынша орынбасары Серік Каликов бастаған бір топ басшылар біздерге ақ дастархан жайып, үлкен астан дәм татқызып, ақ жол тілеп шығарып салды. Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Шалғынбай Малдыбаев пен Шу қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Қарғабаев бір топ ардагерлер қауымын бастап, жол көрсетіп жүрді. Астанаға табан тірегеннен кейін жаңадан соғылған «Нұрлы жол» вокзалынан «Керуен» туристік агенттігінің өкілі  күтіп алып, арнайы автобуспен қонақ үйге апарып орналастырды. Ол жақта барлық жағдай қарастырылған, қызмет көрсету сапасы жоғары, тағамдары да дәмді екен. Ертеңіне бізге бекітілген көлікке мініп, Экспо алаңына келдік. Ол жердегі тамашаны тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Биіктігі 100 метр, диаметрі 80 метр болатын әлемдегі ең үлкен шар тәріздес ғимарат-«Нұр Әлем» ұлттық павильонына кіріп, Қазақстанның тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі, көрікті жерлері мен елдің жетістіктерімен таныстық. Еліміздің болашақтың энергиясы туралы көзқарасы тұтас әлемге ықпал етеді деген ойдамын. Бұл бізге үлкен әсер қалдырды. Одан кейін АҚШ, Жапония, Германия, Италия, Үндістан, Қытай, Израйль, Корея, Франция, Моңғолия сияқты үлкенді және басқа да кіші мемлекеттердің павильондарын тамашаладық. Екі күндік сапардың екінші күні ерке Есілдің бойын жағалап, «Бәйтерекке» шығып, «Хан шатыр», «Думан» ойын-сауық орталығын аралап, басқа да көрікті жерлерді көріп қайттық. «Жүз рет естігенше, бір рет көрген артық» демекші көрері көп, берері мол сапарды ұйымдастырып, тегін жолдама беріп, барлық жағынан қамтамасыз еткен ел жүгін арқалаған, қарттарын бағалаған аудан басшысы Қайрат Әскербекұлы Досаевқа ардагерлер атынан үлкен алғыс айтамын. Сондай-ақ, сәтті сапарымыз аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазақбай Байжұманұлының бастамасы арқылы жүзеге асқандығын айта кеткен жөн.

Жайлаубек Қалиев,

Оразалы батыр ауылы ақсақалдар алқасының

төрағасы.

Последние новости

Телефон приемной

8 (72638) 3 10 75