ТАРИХҚА ТАҒЗЫМ — ҰРПАҚҚА ПАРЫЗ

20170912_121024
18 Сентябрь 2017

ТАРИХҚА ТАҒЗЫМ — ҰРПАҚҚА ПАРЫЗ

Тарихта қара әріппен жазылған нәубетті жылдар, сұрапыл соғыс қанашама адамның басына ауыртпашылық әкелді. Сол зұлматты жылдарда ата-бабаларымыз қасық қаны қалғанша ұшса құстың қанаты талатын, шапса тұлпардың тұяғы тозатын ұлан ғайыр даланы қорғады. Аллаға шүкір, бүгінде егемен елміз. Барымыз бағамдалып, жоғымыз түгенделіп, тарихтың ақтаңдақ беттері қайта жаңғыруда. Осы зұлмат күндерді бастан кешіп, ерлік көрсетіп, із-түзсіз жоғалып кеткен және майдан даласында толарсақтан қан кешіп, қаза тапқан ата-бабаларымыздың жатқан жерін анықтап, бір уыс топырағын елге әкеліп, рухына тағзым ету, кейінгі ұрпақ біз үшін парыз.

Дәл осы бағытта қыруар істер қолға алынып, зерттеу жұмыстары жүргізіліп, майдан даласынан оралмаған аталарымыздың жерленген жерлері, олар жайлы деректер анықталуда.

Бұл игі істердің тізгінін ұстап, шет елдерді шарлап, зерттеп-зерделеп жүрген елінің қамын ойлап, жақсылықтың жаршысы болып жүрген «Парыз» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, іздеуші Әлі Бекқұлы Әліұлы деген ағамыз.

Бұл азамат аудан әкімдігінің мәжіліс залында үлкен жиын өткізіп, оған әр ауылдың ақсақалдар алқасының төрағалары, әскери есеп мамандары, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің, сондай-ақ білім бөлімінің қызметкерлері қатысты. Жиын барысында көптеген мәселелер талқыланып, Ұлы Отан соғысы кезінде Брест қамалында, Смоленскі, Калуга, Псков шайқастарында қаза болған, сол жерлерде жерленген шулық жауынгерлердің аты аталып, ескерткішке жазылатыны айтылды. Барлығына шулық жауынгерлердің аттары жазылған кесте беріліп, көпшілік көз жүгірткеннен кейін, таныс есімдер жайлы ақсақалдар мәлімет айтып, енді бірі аталарын тізімнен көріп,  қуанды. Одан кейін арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Соңында бұл істі қолға алып, нәтижелі тірліктер атқарып жүрген «Парыз» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Әлі Бекқұлы Әліұлына жиынға қатысқандар шын жүректен алғыс жаудырып, жұмысына сәттілік тіледі.

 

А.АСҚАРБЕК.

Последние новости

Телефон приемной

8 (72638) 3 10 75